Олимпиада алдындағы шешуші жарыс: Михаил Шайдоров төрт құрлық чемпионатында атағын қорғай ала ма
22 қаңтарда Қытайдың Бейжің қаласында Африка, Азия, Солтүстік Америка және Океания құрлығының спортшылары мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионатында бақ сынайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кімдер қатысады?
Қазақстан атынан Милан-2026 қысқы Олимпиадасының қатысушылары Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина өнер көрсетеді. Одан бөлек, ерлер сайысында Диас Жиренбаев, Олег Мельников (Никита Кривошев пен Артур Смағұлов резерв), әйелдер сайысында Амира Ирматова, би бағдарламасында Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова жүлдеге таласады.
Неше жүлде алғанбыз?
Деңгейі жағынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатынан кейін тұратын турнирде Қазақстан өз тарихында үш медаль иеленген. 2015 жылы Денис Тен Оңтүстік Кореяда топ жарса, 2017 жылы Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдеге иелік етті. Ал 2025 жылы Михаил Шайдоров басты сенсацияның авторы атанып, чемпион дәрежесін алған еді.
Қазақстанның мүмкіндігі қандай?
Милан Олимпиадасына 2 ғана апта қалуына байланысты екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин (АҚШ), Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Юма Кагияма қатыспауға шешім қабылдады.
Қазақстан сапынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров өз атағын қорғауға баратыны түсінікті. Өткен маусымындағы бағдарламасына қайта оралған отандасымыз әзірше тұрақты деп айта алмаймыз. Желтоқсан айында Жапонияда өткен финалдық Гран-приде отандасымыз 242.19 ұпай ғана жинап, соңғы 6-орынға тұрақтаған еді. Енді Милан-2026 Олимпиадасы алдында қаншалықты бабында екендігіне куә боламыз.
Қарсыластарымыз кімдер болады?
Алтын жүлде үшін бірінші кезекте басты қарсылас қысқы Азия ойындарының чемпионы Чха Джунхван (Оңтүстік Корея) болуы тиіс. Әйтсе де Жапония, АҚШ, Канада өкілдері жүлдеге талас жүргізеді.
Негізгі қарсыластар:
Чха Джунхван (2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері)
Джейсон Браун (Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері)
Као Миура (2023 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы)
Кадзуки Томоно (2022жылғы Төрт құрлық чемпионатының күміс жүлдегері)
Роман Садовский (Канада)
Уэсли Чиу (Канада)
Цзинь Боян (Қытай, әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері)
Әйелдер арасында Софья Самоделкинаның аяқ-алысын бақылау да көпшілікке қызық. Ол осы маусымда тек Жапониядағы NHK Trophy мен АҚШ-тағы Cranberry Cup International жарысына қатысып, күміс жүлдеге ие болды. Өткен маусымға қарағанда ұпайының жоғарлауы, АҚШ-та мықты бапкермен жаттығатынын ескерсек, ол бас жүлде үшін барын салады, кем дегенде қола жүлдеге күресетіні түсінікті.
Софья Самоделкинаның негізгі қарсыластары:
Монэ Тиба (Жапония, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері)
Ами Накаи (Жапония, 2025 жылғы финалдық гран-придің күміс жүлдегері)
Ким Чхэён (Оңтүстік Корея, 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері)
Сара Эверхардт (АҚШ)
Брэди Теннелл (АҚШ)
Габриэль Дэйлман (Канада)
Юна Аоки (Жапония)
Отандастарымыз 22 қаңтар күні әйелдер және мұздағы би бағдарламасымен бастайды. Ал ерлер 24 қаңтарда мұзға шығады.
Еске салсақ, қазақстандық биатлоншылар төрт Олимпиада жолдамасына ие болды.