Қазақстандық биатлоншылар төрт Олимпиада лицензиясына ие болды
Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) Италияда өтетін 2026 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға бөлінген квоталардың ресми тізімін жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін төрт жолдамамен аяқтады. 2026 жылғы Олимпиада ойындарында ел намысын екі ер және екі әйел спортшы қорғайды.
Айта кетейік, берілген квоталар атаулы емес. Олимпиадаға қатысатын спортшылар құрамын бапкерлер штабы анықтайды.
Белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының Биатлоншылар одағы квоталарды пайдалану ниетін растауы тиіс. Осыдан кейін Қазақстан құрамасының өтінімін ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті IBU мен Халықаралық Олимпиадалық комитетіне жолдап, Олимпиада-2026 қатысушыларының сандық құрамын ресми түрде бекітеді.