Референдум-2026

Несиені мерзімінен бұрын өтеген қарыз алушы нені білуі тиіс

Несиені мерзімінен бұрын өтеген қарыз алушы нені білуі тиіс
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға банк қарызы мен микрокредитті мерзімінен бұрын өтеген кезде қарыз алушының құқығы туралы еске салады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кредитті мерзімінен бұрын өтеу сыйақы төлеу шығыстарын азайтуға және кредитор алдындағы міндеттемесін тезірек орындауға мүмкіндік береді. Қарыз алушы берешекті толығымен өтей алады және кредитті жаба алады не борыш мөлшерін мерзімінен бұрын қысқарта отырып, белгіленген төлем кестесінен жоғары соманы енгізе алады.

Ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде, әдетте, қарыз шартын қайта есептеудің екі нұсқасы қарастырылады. Бірі - ай сайынғы төлем мөлшерін сақтай отырып, кредит беру мерзімін қысқарту не шарттың бастапқы мерзімін сақтай отырып, ай сайынғы төлемді азайту.

Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары заңнаманың талаптарына сәйкес мерзімінен бұрын өтеудің ішкі рәсімдерін белгілеуге құқылы. Мұндай рәсім өтініш беру тәртібін, оны қарау мерзімін, есептеу күндерін және басқа да ұйымдастырушылық мәселесін қарастыруы мүмкін.

Төлемді мерзімінен бұрын енгізбес бұрын кредитордан берешекті қайта есептеу тетігін, ақшалай қаражатты есептен шығару тәртібін, сақтандыру сыйлықақысын (ол болған кезде) қайтару шартын, сондай-ақ ипотека қарызы болған жағдайда мүлік кепілі бойынша ауыртпалықты алу рәсімін нақтылауға кеңес беріледі.

Агенттік 2025 жылғы 31 тамыздан бастап қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енгенін еске салады. Осы өзгерістерге сәйкес қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл мен өзге де санкция тек заңды тұлғаларға қатысты қолданылуы мүмкін. Жеке тұлғалар айыпақы төлемей кез келген уақытта кредитті толық немесе ішінара өтеуге құқылы. Бұл норма барлық қолданыстағы қарыз шартына, оның ішінде өзгерістер күшіне енгенге дейін жасалған шарттарға қолданылады.

Мерзімінен бұрын өтеу қарыз жүктемесін азайтуға, артық төлемнің жалпы сомасын қысқартуға мүмкіндік береді және оң кредит тарихын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар кредитті өтеуге қаражат жұмсау туралы шешім қабылдамас бұрын ағымдағы қаржылық жағдайыңызды бағалауға кеңес беріледі.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк халық несиесінің өсуін тежеуге арналған шараларды қарастырып жатыр.