Ne Äñgime: Польшадағы қазақ жастарын біріктірген ерекше жоба қалай құрылды
Варшавада құрылған Ne Äñgime қауымдастығы бүгінде жүздеген қазақстандықты бір ортаға жинап, ана тілді, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналып отыр. Шетелде жүріп, туған елге деген сағынышын ұмытпаған астаналық жастар Польшада қазақтарды біріктіретін бұл қауымдастықтың қалай құрылғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана ақшамы» газетіне сілтеме жасап.
Польша төрінде Ne Äñgime атты қауымдастық құрған елордалық қыздар Марья Ермагамбетова мен Перизат Әлімқұл ел астанасы Варшава қаласында бірнеше жылдан бері тұрып келеді. Қазір бір мектепте өнер мен дизайн және IT пәндерінен сабақ береді. Осыдан бір жыл бұрын Еуропада қазақтардың қауымдастығын құрды. Негізгі көздегендері – жастар арасында ана тілін ұмыт қылмай, қазақы болмыс пен түп-тамырдан ажырамай, ұлттық салтты сақтау еді.

«Бұл жоба туралы идея ана тілімізге деген сағыныштан туды. Қазақша сөйлегім келсе де, достармен бірге жүргенде әңгіме өзге тілге ауысып кететін, солай «ыңғайлырақ» сияқты көрінетін. Уақыт өте келе, қазақ тілінде еркін әрі тұрақты сөйлесетін орта керек екенін түсіндік. Сол кезде Украинадан келген достарымның өз тіліне қаншалықты құрметпен қарайтынын көрдім. Ал Перизат поляк сөйлеу топтарына, сондай-ақ украин және беларусь қауымдастықтарының іс-шараларына қатысып жүрді. Осы ойлар тоғысып, біз де қазақтың атынан қауымдастық құруды жөн көрдік», – деді Марья Ермагамбетова «Астана ақшамы» газетіне.
Бастапқыда Ne Äñgime тек әңгімелесіп, сырласу мақсатында кездесулер өткізген. Уақыт өте келе, қатысушылардың түрлі белсенділігіне қызығушылығы бар екені байқалды. Ал қазірде апта сайын түрлі форматтағы жиындар, ойын кештері, спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кемі 15-20-дан астам адам келіп, пікір алмасады. Ал Наурыз, Республика не Тәуелсіздік секілді атаулы күндері келушілер саны тіпті артады. Мәселен, былтыр жыл соңында Тәуелсіздік күні мен қауымдастықтың бір жылдық кешіне арналған іс-шараға 100-ден астам адам жиналыпты. Мұндай кездесулерге бауырлас халықтың өкілдері де қоса шақырылып, осылайша қанға сіңген қонақжайлық қай елде де қазақтың өзімен бірге ілесіп жүреді.

Қауымдастық негізін қалаушылардың ұйымдастыруымен бір жыл ішінде 40-тан астам кездесу өткізіліпті. Айта кетерлігі, осының барлығы тұрақты қаржыландырусыз, не бір ауқымды командасыз, тек қыздардың ынтасы мен ниетінің, сұраныстың артуы мен адамдардың қолдауының арқасында жүзеге асып отыр.
«Қауымдастықтың негізгі аудиториясы – студенттер, бакалавр, магистратурада оқитын білім алушылар және алмасу бағдарламасымен келген жастар. Себебі олар көбіне жаңа ортаға жалғыз келеді, ешкімді танымайды және қолдауға мұқтаж болады. Біз оларды жақсы түсінеміз, өйткені өзіміз де осы жолдан өткенбіз. Сонымен қатар Варшаваға басқа қалалардан көшіп, не жұмыс істеу мақсатымен келгендер және отбасымен қоныс аударған адамдар да бар. Біздің басты мақсатымыз – адамдарға танысуға және бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жайлы орта құру, сол арқылы өз мәдениетімізге етене жақын болу. Сондықтан Ne Äñgime тек іс-шаралар өткізетін алаң емес, адамдарға тірек болатын, өз үйіндей сезінетін кеңістік деп ойлаймыз», – деді жоба авторы.
Шетелдегі қазақтар осылайша бір-бірімен жиі бас қосып, бауырсақтан дәм татады, күй төкпелетіп, ән әуелетеді. Бұл әрқайсысының Отанға деген құрметінен, сүйіспеншілігінен болса керек. Шетте жүрген жастың да, кәрінің де көкейінде Отанға деген сағыныш бар. Бұл – анық нәрсе. Қазірде Еуропаның түкпір-түкпірінде, атап айтқанда, Ұлыбритания, Италия, Бельгия, Германия, Аустрия, Чехия, Венгрия және Испанияда мұндай бастамалар қолға алынған.
«Біз үшін ең бастысы – қатысушыларымыз. Олардан алғыс сөздерін естіген сайын, дұрыс жолда келе жатқанымызды түсінеміз. Көп жағдайда адамдар Ne Äñgime арқылы ортақ қызығушылығы бар жандарды кезіктіреді. Кейбір қатысушылар жаңа орта арқылы жұмысқа орналасса, ендігілері іс-шараларда танысып, өз жұптарын тапқан. Сонымен қатар біз әртүрлі мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтып, Польшада шетелдіктерге Орталық Азия мәдениетін таныстыруды жалғастырып келеміз», – деді Марья.
Бұған дейін қазақтар құрған AI-стартап АҚШ-та 21,5 млн доллар инвестиция тартқанын жазған едік.