Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Францияның Канн қаласында өтіп жатқан MIPCOM 2026 халықаралық телевизиялық және аудиовизуалды контент нарығында отандық фильмдерді таныстырды. Қазақстандық делегация шетелдік медиакомпаниялармен фильмдерді халықаралық нарыққа шығару мәселесін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық іс-шараға «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері Айдар Омаров пен Ольга Хлащева қатысты. Сондай-ақ жиында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының киножобалары ұсынылды.
Қазақстандық делегация Францияның mk2 Films компаниясы, Library Kingdom Cooperation, Түркияның TRT телерадиокешені мен Kanal D International, Жапонияның NHK хабар тарату корпорациясы және RTL Group медиатобының өкілдерімен кездесті.
Келіссөз барысында қазақстандық фильмдердің көрсетілім құқығын сатып алу және сату, оларды шетелдік телеарналар мен цифрлық платформаларда ұсыну, сондай-ақ киножобаларды бірлесіп түсіру және тарату мүмкіндіктері қарастырылды.
Министрліктің мәліметінше, MIPCOM 2026 жиынына қатысу отандық киноны халықаралық нарықта ілгерілету жұмыстарының бір бөлігі саналады. Шетелдік серіктестермен байланыс орнату қазақстандық фильмдердің халықаралық аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақфильмнің» Пусандағы халықаралық алаңда шетелдік кинокомпаниялармен келіссөз жүргізгені хабарланған еді.