Наурызда тұрғын үй мәмілелері 3,9%-ға өсті
Наурыз айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 28 493 мәміле тіркелді, бұл көрсеткіш ақпан айымен салыстырғанда 3,9%-ға артық, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Жасасқан мәмілелер саны жағынан көшбасында Алматы қаласы – 6 428 мәміле (22,6%) және Астана қаласы – 4 924 мәміле (17,3%) тұр. Үшінші орында Қарағанды облысы (2 258 немесе 7,9%). Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – небәрі 208 мәміле (0,7%).
Өңірлер бойынша ақпан айымен салыстырғанда наурызда ең жоғары өсім Қызылорда (+33,8%), Павлодар (+26,7%) және Ақмола (+26,4%) облыстарында байқалды. Керісінше Ұлытау облысында (-18,4%), Қостанай облысында (-9,0%) және Астана қаласында (-6,1%) мәмілелер саны азайған.
Көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша белсенділік артып, мәмілелер саны 6%-ға немесе 1 283-ке көбейді. Наурызда барлығы 22 542 мәміле жасалып, бұл мәмілелердің жалпы санының 79,1%-ын құрады. Пәтерлер нарығында негізгі үлес Алматы (26,3%), Астана (21,4%) және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Ең көп сатылғаны – бір бөлмелі пәтерлер (8 510 мәміле).
Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны керісінше 3,4%-ға немесе 211-ге азайып, жалпы саны 5 951 болды. Бұл ретте өсім Павлодар (+22,9%), Ақмола (+15,7%) және Солтүстік Қазақстан (+12%) облыстарында тіркелсе, ең үлкен төмендеу Атырау (-24,8%), Алматы (-13,9%) және Қарағанды облыстарында (-13,8%) байқалды.
Жалпы алғанда, 2026 жылғы наурыздағы мәмілелер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсті (27 739 мәміле). Ең жоғары өсім Ақмола облысында (+29,7%), ал ең үлкен құлдырау Ұлытау облысында (-41,7%) тіркелді.
Дегенмен, 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша мәмілелер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға төмендеген.
Еске салсақ, Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты.