Наурыз мерекесінің рухани мәні ерекше сезіле бастады – Майра Ілиясова

Наурыз мерекесінің рухани мәні ерекше сезіле бастады – Майра Ілиясова
Фото: Майра Ильясова/Instagram

Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова барлық қазақстандықтар мен Астана қаласы тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Меніңше, Наурызды әрбір адам асыға күтеді. Өйткені көктем келсе, күн шығып, жер еріп, алғашқы көк қылтиып, көктемнің исі бұрқырап кеткендей болады ғой. 

Алматы қаласынан Астанаға көшіп келгеніме, міне, 12 жыл толған болса, соның ішінде мен үшін биылғы қыс ерекше болды. Бір күні қалың қар жауып, артынша жаңбыр жауса, келесі күні аяз тұрып, көктайғақ болды. Сондықтан мен сияқты көпшілік жан да көктемнің тезірек шыққанын, Ұлыстың ұлы күні - Наурыздың келгенін тағатсыздана күткен болар деп ойлаймын. Соңғы кездері Наурызды халқымыз бұрынғыдан да мәнді, ерекше етіп тойлап жүр. Наурызнама онкүндігі бойынша Ұлыстың ұлы күніне дейінгі әр күнге ат қойып, айдар тағылып, мағыналы мақсаты қойылған», - деді Майра Ілиясова.

Әнші, сондай-ақ, Наурыз мейрамының соңғы жылдардағы ерекшелігіне тоқталып, халқымызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. 

«Иә, расында,  Наурыз тек қана қазан-қазан ет асып, киізүйге кіріп, құрт пен сорпа ішіп кету емес. Сол себепті соңғы жылдары мерекенің рухани мәні ерекше сезіле бастады. Ең алдымен байқағаным — қазақ халқы, әсіресе қыз-келіншектер мен азаматтар ұлттық киім киетін болды. Бұрын әр жерде бірен-саран тақия мен қарапайым шапандарды ғана көріп қалатын едік. Әрі сол шапандар сәнді емес, жай тігіле салғаны көрініп тұратын. Ал қазір дизайнерлеріміз бірінен-бірі асып түсіп, көздің жауын алатын керемет ұлттық киімдер тігіліп жатыр.

Биылғы Жылқы жылымен енетін Наурыз жақсылығымен келсін! Халқымыз аман болсын! Әр отбасы бала-шағасымен, жақын-жуығымен қарсы алып, қуаныш пен берекеге бөлене берсін!» - деген ақжарма тілегін арнады өнер иесі.