Металлург күні: робот-ит қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесті
Қарағанды облысында бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған қызметтік робот-ит пайдаланылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Заманауи технология Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар кезінде алғаш рет қолданылып, жоғары тиімділігін көрсетті.
17–18 шілде күндері Балқаш пен Теміртау қалаларында өткен мерекелік шараларға 115 мыңнан астам адам қатысты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысы полиция департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, мыңнан астам полиция қызметкерін жұмылдырды.
Іс-шараның басты ерекшелігі – полицияның ақпараттық дерекқорларымен ықпалдастырылған, жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған қызметтік робот-ит болды. Ол нақты уақыт режимінде бет-әлпетті тану технологиясы арқылы іздеуде жүрген немесе бақылаудағы адамдарды автоматты түрде анықтай алады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алып, күдіктілерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Алғашқы сынақ барысында робот-иттің көмегімен төрт құқық бұзушы анықталды. Олардың қатарында алимент төлеуден жалтарып жүрген бір азамат, мемлекет алдында берешегі бар екі адам және сот белгілеген шектеуді бұзған бұрын сотталған азамат болды. Барлығына қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Мерекелік іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Полицейлер адам көп жиналған орындарда адасып кеткен 87 баланы қысқа уақыт ішінде тауып, олардың барлығын ата-аналарына аман-есен тапсырды. Балалардың жасы 3 пен 17 жас аралығында болған.
Полицияның мәліметінше, жасанды интеллект пен роботтандырылған технологияларды құқық қорғау қызметіне енгізу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға жаңа мүмкіндік береді.
Сондай-ақ полиция Балқаш және Теміртау қалаларының тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық тәртіпті сақтап, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына түсіністікпен қарағаны үшін алғыс білдірді.