Меруерт Балғынбаева: Ақмарал Ерекешеваның әлем кубогында жүлде алуы заңдылық
Таяуда көркем гимнастикадан Әзербайжан астанасы Бакуде өткен әлем кубогының үшінші кезеңінде таспа сайысында өнер көрсеткен Ақмарал Ерекешева үздік үштіктің қатарына енді. Осы орайда спортшының бапкері Меруерт Балғынбаева әлем кубогын қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- Кейінгі екі әлем кубогында сіздің шәкірттеріңіз сенсация жасап, жүлде тұғырына көтерілді. Сіз үшін қай жеңіс ерекше әсер етті?
- Әр жетістік ерекше. Ташкенттегі әлем кубогында топттық жаттығуда шәкірттерім күміс жүлде алса, Бакуде Ақмарал Ерекешева қола жүлде еншіледі. Оның артында үлкен еңбек жатыр. Сол себепті әр жеңіс мен үшін қымбат. Шәкірттерімнің табысына әрдайым қуаныштымын.
- Көпшілік Бакудегі әлем кубогын асыға күтті. Себебі, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева өзінің кумирімен бір алаңда сайысқа түсті. Әлем кубогындағы дебютіне көңіліңіз тола ма?
- Бәрін мінсіз орындады деп айта алмаймын. Дегенмен бұл оның алғашқы әлем кубогы болғандықтан, ондай жоғары талап та қойған жоқпыз. Бұл жарысқа көркем гимнастиканың ең мықты, ең танымал спортшылары жиналды. Осындай деңгейдегі бәсекеде біз де өзімізді көрсете білдік деп ойлаймын.
- Көпсайыста ТОП-10-ға ену, таспа жаттығуында 3-орын, шығыршық жаттығуында 6-орын алу - отандық гимнасшылар үшін үлкен жетістік деуге болады. Әйтсе де шәкіртіңіздің қандай кемшін тұстарын байқадыңыз? Психологиялық тұрғыдан қобалжу болмады ма?
- Ол өз кумирлерімен бір кілемде дайындалды. Сондықтан бұл оған қобалжу емес, керісінше шабыт берді деп айта аламын. Қарсыластары өте тәжірибелі спортшылар болды. Финалға шыққан немесе көпсайыста ТОП-10-ға кірген спортшылардың жетістіктеріне көз жүгіртсеңіз, Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері екенін байқайсыз. Әрине, Ақмаралдың әлі жас екені байқалады. Соған қарамастан, ол жақсы бәсекелестік көрсетті.
- Ақмаралдың үшінші орын алуын өзге қарсыластар қалай бағалады деп ойлайсыз?
- Ақмаралдың ерекшелігі өте көп. Ол элементтерді өте жақсы орындайды, амплитудасы жоғары, сонымен қатар өте төзімді спортшы. Сондықтан оның жүлдеге ілігуі заңды нәтиже.
- Енді Азия чемпионатына дейін бір айдан астам уақыт бар. Сол кезге дейін Ақмаралды тағы қандай жарыстардан көруіміз мүмкін?
- Алдағы аптада Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Сол жерде бағдарламамыздың біріне аздаған өзгеріс енгізіп, күрделендіріп жатырмыз. Мұның бәрі Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалу үшін жасалып жатыр.
- Сұхбатыңызға рақмет!