Мемлекеттік кірістер департаменті биыл салықтық шегерімдер қалай қолданылатынын түсіндірді

Бүгін, 17:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекеттік кірістер департаменті биыл салықтық шегерімдер қалай қолданылатынын түсіндірді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда 2026 жылдан бастап жаңартылған салықтық шегерімдер жүйесі енгізілді, ол азаматтарға жеке табыс салығы сомасын азайтуға мүмкіндік береді. Оның барысы туралы Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Заңнамаға сәйкес, жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша салық салу объектісін айқындау кезінде бірқатар салықтық шегерімдерді қолдануға құқылы.

Мынадай шегерім түрлері қарастырылған:

1) әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі;

2) базалық салықтық шегерім;

3) әлеуметтік салықтық шегерімдер;

Әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептелген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын әлеуметтік аударымдарды қамтиды.

Базалық салықтық шегерім – әрбір күнтізбелік ай үшін қолданылатын тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 еселенген мөлшерін құрайды. Жылдық мәнде мұндай шегерімнің мөлшері 360 АЕК-тен аспауға тиіс.

Әлеуметтік салықтық шегерімдер:

• І-ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға – жылына 5 000 АЕК.

• ІІІ топ мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, соғысқа қатысушыларға және оларға теңестірілген тұлғаларға – 882 АЕК.

• Мүгедектігі бар балаға немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамға қамқорлық жасайтын ата-анаға (қорғаншыға), сондай-ақ асырап алушыларға – 882 АЕК.

Шектеулер: салықтық шегерімдер тиісті білім беру, медициналық ұйымдар, халыққа әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмыс қатынастары себепті қамқоршылықтағы және қамқоршы тұлғаларға және асырап алынған баланың ата-анасымен некеге тұрған тұлғаларға қолданылмайды.

Әлеуметтік салықтық шегерімдер осы салықтық шегерімдерді қолдану үшін негіз туындаған, бар немесе болған күнтізбелік жылда қолданылады.

Шегерімдерді қолдану тәртібі:

• салық агенті (жұмыс беруші) арқылы;

• салық агентінде қолданбаған кезде салықтық шегерімдерді өзі дербес қолданады.

Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады, салықтық шегерімдерді қолдану тек растайтын құжаттардың болуы және заңнамада белгіленген қолдану тәртібін сақтау кезінде мүмкін.

Толығырақ ақпаратты 1414/3 нөміріне немесе @astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасы бойынша білуге болады.

Еске сала кетейік, Астанада көлік салығын төлемеген жүргізушілерге ескерту жасалды.