Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» және ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Жабайхан Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жабайхан Мүбәрәкұлы философия ілімінің өрісін кеңейткен күллі ғылым қоғамдастығына танымал ғалым, ұлтжанды тұлға еді. Ұстаздық жолында сүбелі еңбектер жазып, зерделі шәкірттер тәрбиеледі. Ел егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосып, іргелі істерге белсене атсалысты», – деп жазылған жеделхатта.
Бұған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ғалымның өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жедел хатын жолдаған болатын.
93 жасқа қараған шағында өмірден өткен профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдиннің ғылыми еңбектері негізінен диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған.