Мемлекет басшысы: Бас құжатымыз ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Өздеріңізге мәлім, біз наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бірлігі мықты, жауапкершілігі жоғары ел ретінде жаңа Ата заңды қабылдадық.
Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапты.
Сондай-ақ Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.
Осы орайда, әрине, нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы.
Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді.
Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс.
Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек.
Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. Сондықтан Конституцияның нормалары барлық жерде, соның ішінде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында, мектептер мен әскери бөлімдерде, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуға тиіс», - деді ол.
Президент бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтіп, Халық кеңесі құрылмақ.
«Қазір Парламент «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуде.
Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады.
Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласатын болады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі.
Бәріңізге мәлім, биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады.
Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі.
Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады.
Жалпы, Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы аймақтың көркеюіне зор серпін бермек. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, белсенді жұмыс істесек, барлық мақсатқа жетеміз.
Бүгінгі жиынға аймақтың беделді, белгілі азаматтары қатысып отыр. Сіздер Алматы облысының дамуына және еліміздің өркендеуіне мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.