Мектепте қысым көрсеткен оқушылардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды

Бүгін, 15:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мектепте қысым көрсеткен оқушылардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды
Фото: freepik.com

Мойынқұм аудандық соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте кәмелетке толмағандарды жәбірлеуге қатысты бабы бойынша 3 әкімшілік құқық бұзушылық істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот 2025 жылдың желтоқсан айында Жамбыл ауылындағы орта мектептің 3 оқушысы жүйелі түрде мектеп оқушыларына қысым көрсетіп, оларды түрлі жұмысты орындауға тарту арқылы буллинг (оның ішінде кибербуллинг) әрекетін жасағандарын анықтады.

«Құқық бұзушылардың кінәсі хаттамалармен, оқиғалар туралы хабарламалармен, жәбірленушілер өкілдерінің жазбаша арызымен және түсініктемелермен расталды. Сотта үш баланың ата-анасы кінәларын мойындап, кешірім сұрап, болашақта мұндай жағдайға жол бермейтіндерін түсіндірді. Жәбірленуші оқушылардың ата-аналары оларды жауапкершілікке тартуды сұрады», - делінген хабарламада.

Кодекстің 127-2-бабы 1-бөлігінде ескерту жасау немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Сот әрбір ата-анаға 43 250 теңге айыппұл тағайындады. Қаулылар заңды күшіне енді.

Еске салсақ, елордалық оқушыларға фильм арқылы заң жауапкершілігі түсіндірілді.