Медициналық ЖОО-ларда тәуелділікті зерттеумен айналысатын пәндер енгізілуі мүмкін

Бүгін, 13:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Медициналық ЖОО-ларда тәуелділікті зерттеумен айналысатын пәндер енгізілуі мүмкін
Фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру нәтижелері, сондай-ақ 2026-2028 жылдардағы Денсаулық сақтау министрлігі жұмысының бағыттары туралы хабардар етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, алдыңғы жоспарды іске асыру аясында министрлік негізгі индикаторларға қол жеткізді.

«Синтетикалық препараттарды қолданумен байланысты диагноздар бойынша динамикалық бақылауға алғаш рет алынған адамдар саны жоспарланғандай 10%-дан 20%-ға өсті. Бұл наркологиялық көмектің анықталуы мен қолжетімділігі артқанын көрсетеді.

Кәмелетке толмағандар бойынша тұрақты оң нәтижеге қол жеткізілді: ұзақ мерзімді ремиссиямен динамикалық бақылаудан алынған балалар, жасөспірімдер үлесі 25% құрады, жоспар 18% болған. Бұл емдеу және оңалту шаралары тиімді екенін көрсетеді. Медициналық-әлеуметтік оңалту жүйесі дамып келеді. Жоспарды іске асырудың қорытындысы бойынша өз еркімен емделген пациенттердің 30%-ы медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен қамтылды», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Жаңа жоспарда Денсаулық сақтау министрлігі 33 іс-шараны іске асыруға қатысады.

«Жоспар шеңберінде профилактика, скрининг, емдеу жүйесін жетілдіру, оңалту жүйесін дамыту және оларды ұлттық стандарттарға бейімдеу мақсатында халықаралық тәжірибені зерделеу жөніндегі шаралар көзделген. Еліміздің барлық өңірлерінде есірткіге тәуелділерді оңалту моделі қолданылады. Амбулаториялық медициналық-әлеуметтік оңалтуды кеңейту, медициналық жоғары оқу орындарына «Аддиктология» пәнін, яғни химиялық және химиялық емес (құмар ойындар және т.б.) тәуелділікті зерттейтін ғылымды енгізу жоспарланған», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі 100-ге жуық адамның есірткіге қарсы ерікті қызметіне тартылғанын айтқан болатын.