Мәжіліс Қазақстанның екі халықаралық қаржы институтынан қарыз алу жөніндегі келісімін мақұлдады
Мәжіліс Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) және Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 мамырда Астанада қол қойылған бірінші келісім Қазақстанға бес жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 11 жыл мерзімге 92,3 млрд йен сомасында қарыз беруді көздейді.
Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен келісім 15 маусымда Астанада жасалған, оның аясында Қазақстанға 5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда өтеу мерзімі 11 жыл болатын 62,4 млрд йен сомасында қарыз беру қарастырылып отыр.
Екі келісім бойынша да қаржыландыру жоспарлы кезеңге бекітілген республикалық бюджет тапшылығы шеңберінде ел экономикасының орнықтылығын қолдауға бағытталған. Қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі TONA + ауыспалы спред формуласы бойынша айқындалады. Сондай-ақ қарыз сомасының 0,25%-ы мөлшерінде біржолғы комиссия және игерілмеген қаражат қалдығына жылына 0,25% мөлшерінде резервтеу комиссиясы көзделген.
Еске салсақ, дербес деректерді таратқаны үшін нотариустарды лицензиясынан айырады, Мәжіліс екінші оқылымда осындай заңды қабылдады.