Маскүнемдік эндокриндік жүйеге қалай әсер етеді – маман жауабы

17 маусым, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Маскүнемдік эндокриндік жүйеге қалай әсер етеді – маман жауабы
Фото: Альфия Шаймерденқызының жеке мұрағатынан

Елордадағы №11 қалалық емхананың эндокринолог дәрігері Альфия Шаймерденқызы Elordainfo.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында маскүнемдіктің эндокриндік жүйеге тигізетін зияны, гормондық бұзылыстардың себептері мен оның алдын алу жолдары туралы айтты.

- Сұхбатымыздың басында түсіндіріп өтсеңіз: алкоголь адамның эндокриндік жүйесіне тап болғанда алғашқы соққы қай мүшеге түседі? Ішімдік гормондардың бөлінуін қалай бұзады?

- Алкоголь ағзаға түскен кезде ең алғашқы және ең ауыр соққыны бас миында орналасқан екі кішкентай, бірақ өте маңызды мүше - гипоталамус пен гипофиз қабылдайды. Бұл мүшелерді бүкіл ағзаның гормоналды жүйесін басқарып отырған «дирижерлер» деп атасақ болады. Олар қалқанша безге, бүйрек үсті безіне және жыныс бездеріне қашан, қанша гормон бөлу керек екенін айтып, бұйрық беріп отырады. Алкоголь осы екі орталықтың жұмысын улап, олардың арасындағы байланысты мүлдем бұзады. Салдарынан ми басқа бездерге дұрыс белгі бере алмай қалады да, бүкіл ағзадағы гормондардың бөлінуі ретсіз кетіп, үлкен дисбаланс басталады.

- Көпшілік алкогольді тек бауыр мен жүрекке зиян деп ойлайды. Жалпы, эндокриндік жүйенің бұзылуы бүкіл ағзаға қандай тізбекті реакция әкеледі?

- Көпшілік адамдар «ішімдікті тек бауырға зақым келтіреді немесе жүректі тоздырады» деп ойлайды, бірақ эндокриндік жүйенің бұзылуы одан да қауіпті тізбекті реакция тудырады. Гормондар — біздің ағзамыздың химиялық хабаршылары. Егер осы жүйе істен шықса, бүкіл денеде «диверсия» басталады. Зат алмасу процесі мүлдем бұзылып, адам тамақ көп жемесе де, салмақ қоса береді, қан қысымы себепсіз көтеріледі, ұйқының сапасы жоғалып, адам түнде тыныға алмайды. Сондай-ақ, көңіл-күйдің күрт құбылуы, депрессия және ең бастысы ерлер мен әйелдердің бала сүю қабілетінің (репродуктивті қызметінің) төмендеуі сияқты бірінен-бірі туындайтын ауыр зардаптарға әкеліп соғады.

- Алкоголь мен қант диабеті арасында қандай тікелей байланыс бар? Ішімдік ішкенде қандағы глюкоза деңгейі қалай өзгереді?

- Алкоголь мен қант диабетінің арасында өте тығыз әрі қауіпті байланыс бар. Біздің бауырымыз қандағы қант (глюкоза) деңгейін бірқалыпты ұстап тұратын негізгі қойма рөлін атқарады. Адам ішімдік ішкен кезде, бауыр глюкозаны реттеуді мүлдем ұмытып, барлық күшін алкогольдің уын бейтараптандыруға жұмсайды. Осы кезде қандағы қант деңгейі мүлдем бақылаусыз кетеді. Кейбір алкогольді сусындардың (сыра, тәтті шарап, коктейль) құрамында қант көп болғандықтан, алғашқыда қант деңгейі күрт көтеріліп кетуі мүмкін. Алайда, бірнеше сағаттан кейін бауыр глюкоза бөлуді тоқтатқандықтан, қандағы қант деңгейі адам өміріне қауіпті дәрежеге дейін күрт төмендеп кетеді. Сондықтан алкоголь қант деңгейін бейберекет ойнатып шығарады.

- Диабетпен ауыратын жандарға алкоголь қабылдау неліктен өте қауіпті?

- Қант диабеті бар науқастар үшін алкоголь ішу өліммен ойнаумен тең. Бұған басты себеп - гипогликемия, яғни қандағы қанттың критикалық деңгейге дейін тым төмен түсіп кетуі. Ең қорқыныштысы, бұл жағдай адам ішімдік ішкен сәтте емес, арада 8-12 сағат өткенде, көбіне адам түнде ұйықтап жатқанда орын алуы мүмкін. Мұндай кезде адам есінен танып, гипогликемиялық комаға түседі. Қоршаған адамдар оның бұл күйін қанттың түсуінен емес, жай ғана мас болып ұйықтап жатыр деп ойлап, уақытында көмек көрсетпей жатады. Бұл - дәрігерлік тәжірибеде өте жиі кездесетін және соңы қайғылы аяқталатын жағдайдың бірі.

- Жиі ішетін ер адамдарда эстрогеннің (әйел гормонының) артуы және сыртқы пішіннің өзгеруі (мысалы, семірудің белгілі бір типі) ғылыми тұрғыдан қалай түсіндіріледі?

- Жиі ішімдік тұтынатын ер адамдардың сырт пішінінің өзгеруі (ішінің шығуы, бұлшықеттерінің босауы, кеудесінің өсуі) - таза гормоналды өзгерістің нәтижесі. Алкоголь ер адамның ең басты гормоны - тестостеронның бөлінуін бұғаттап тастайды. Сонымен қатар алкогольдің әсерінен ерлердің ағзасында тестостерон гормоны әйелдердің жыныс гормоны - эстрогенге айнала бастайды. Оған қоса, сыра мен басқа да ішімдіктер ағзадағы май жиналу процесін тездетеді, ал май ұлпасының өзі де эстроген бөледі. Нәтижесінде ер адамның дене бітімі әйелдерге тән тип бойынша өзгере бастайды: кеуде бездері үлкейеді (медицинада бұл гинекомастия деп аталады), бұлшықет массасы жоғалып, оның орнын май басады және жыныстық құштарлығы (либидосы) төмендейді.

- Қалқанша безі - ағзадағы зат алмасуды реттейтін негізгі мүше. Алкоголь оның гормондарына (Т3, Т4) қалай әсер етеді?

- Қалқанша безін біз жиі ағзаның «ішкі қозғалтқышы» немесе «қуат беруші стансасы» деп атаймыз, өйткені ол бөлетін Т3 және Т4 гормондары бүкіл зат алмасудың (метаболизмнің) жылдамдығын анықтайды. Алкоголь бұл бездің жұмысына тікелей улы әсер етіп, оның белсенділігін баяулатып тастайды. Қалқанша безі өз гормондарын аз бөле бастағанда, ағзадағы барлық процестер тежеледі. Адам тамақты аз жесе де, зат алмасу баяу болғандықтан, өте тез салмақ қосады. Сондай-ақ, іштей қуат жетіспегендіктен, адам үнемі шаршап жүреді, ұйқысы қанбайды, терісі құрғап, шашы түседі, бойында өмірлік энергия азаяды.

- Эндокриндік жүйенің алкогольден зақымданғанын көрсететін алғашқы белгілер қандай? Адам қай кезде терапевтке емес, бірден эндокринологқа жүгінуі керек?

- Эндокриндік жүйенің зақымдалғанын білдіретін алғашқы симптомдар білінбей басталуы мүмкін, бірақ оларға бей-жай қарамау керек. Егер сізді ешқандай физикалық ауырлықсыз-ақ созылмалы шаршау мазаласа, диета сақтасаңыз да, салмағыңыз күрт өсіп кетсе немесе керісінше себепсіз жүдеп кетсеңіз, ауызыңыз үнемі құрғап, көп су ішкіңіз келе берсе, түнде терлеп оянсаңыз және жастық шаққа қарамастан, жыныстық белсенділігіңіз күрт төмендесе - бұл гормондардың айқайлап көмек сұраған белгісі. Терапевтке емес, бірден эндокринологқа жүгіну керек жағдай. Егер осы айтылған белгілер бірнеше апта бойы тоқтамай мазаласа және қан тапсырғанда глюкоза (қант) деңгейінің нормадан ауытқығаны анықталса, уақыт жоғалтпай арнайы маманға бару қажет.

- Ішімдіктен бас тартқаннан кейін гормоналды фон қанша уақытта қалпына келеді және бұл процесті қалай жеделдетуге болады?

- Иә, біздің ағзамыз керемет жаратылған, сондықтан гормоналды фонды қалпына келтіруге әбден болады. Адам алкогольден неғұрлым ерте және біржола бас тартса, бұл процесс соғұрлым тез жүреді. Ағзадан улы заттар толық шығып, ми мен бездердің жұмысы реттелуі үшін бірнеше айдан бір жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Бұл процесті жеделдету үшін тек ішімдікті қою жеткіліксіз. Адам ұйқы режимін қалпына келтіруі тиіс, себебі маңызды гормондар түнде ұйықтағанда бөлінеді, дәрумендер мен микроэлементтерге (оның ішінде мырыш, селен, магний) бай дұрыс тамақтануға көшуі керек және жеңіл спортпен шұғылданып, ағзаның қан айналымын жақсартқаны жөн. Бұл кешенді қадамдар ағзаның қайта түлеуіне көмектеседі.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Анель Фархатқызы