LRT туралы видеомен танылған Әміре Президенттің Алғыс хатын алды

Бүгін, 09:40
Думан Аманжол Думан Аманжол
LRT туралы видеомен танылған Әміре Президенттің Алғыс хатын алды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында бейнеролик арқылы танылған үш жасар бүлдіршінге арнайы сыйлық табыс еткенін жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Астана әкімі Халықаралық балаларды қорғау күні LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген бейнероликтің кейіпкері – үш жасар Әміремен кездесті.

«Қазақстандықтардың көбісі Әміренің LRT оны ел Президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенген видеосын тамашалады. Оның балалық аңғалдығы, кіршіксіз көңілі мен қарапайымдылығы көпшілікті баурап алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әміреге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыстадым. 

Мұндай сәттер арманыңа қанат бітіріп, жақсылыққа сенуді, өмірдің әрбір қарапайым сәтіне балаша қуана алу қасиетін жоғалтпау керектігін тағы бір мәрте еске салады. Мына әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі нұрландыра түседі. Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалғанын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тілеймін» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Еске салсақ, Астанада LRT іске қосылғалы 1 миллион жолаушы мінді