Елімізде цифрлық құқықтар конституциялық деңгейде бекітілген – Олжас Бектенов

Бүгін, 15:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде цифрлық құқықтар конституциялық деңгейде бекітілген – Олжас Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Шымкент қаласында «Индустрия 5.0: Өзара әрекеттесудің күші» тақырыбында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Форумның пленарлық отырысын ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жасанды интеллектіні дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, институционалдық негіз қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылым және адами капитал сынды мәселелерге басымдық берілді.

«Бүгінде Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономикалық модельдің негізіне айналатын кезеңге қадам басты. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл саланың еліміз үшін айрықша маңыздылығын атап өтті.

Биыл Қазақстанда ауқымды саяси реформалар мен жаңарулар жүзеге асырылуда. Еліміздің азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады және онда алғаш рет конституциялық деңгейде цифрлық құқықтар бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына елеулі серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын да көрсетеді.

Цифрлық құқықтарды ең жоғары деңгейде бекіту біз үшін цифрлық трансформация тек технологияларды дамыту туралы ғана емес, сонымен қатар нақты құқықтық кепілдіктер, деректерді қорғау және сенім принциптері туралы екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін болжамды әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруда», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұдан бұрын ЕҮАК қатысушылары Қазақстанның цифрлық индустриясының жетістіктерімен танысқаны туралы жаздық.