Курорттық аймақтарда 3 әуежай салынып, Алакөлге қосымша пойыздар қосылады – министр

Курорттық аймақтарда 3 әуежай салынып, Алакөлге қосымша пойыздар қосылады – министр

Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік дестинациялардың көлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың тез жету мүмкіндігін арттыру жөніндегі шаралар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, әуе қатынасы бойынша биыл Катонқарағай, Зайсан және Кендерлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Венаға, Римге және Шанхайға рейстерді қосқанда 15 жаңа халықаралық маршрут ашылады.

Теміржол тасымалы бойынша парк 191 жаңа вагонмен толықтырылмақ. Жазғы кезеңде 400 мың қосымша орынды қамтамасыз ететін 13 қосымша маршрут іске қосылмақ.

Ал автожолдар бойынша министр Жаңаөзен – Кендірлі және Өскемен – Катонқарағай бағыттарын қоса алғанда, негізгі көрікті жерлерге апаратын 5 мың шақырым жол жөнделіп жатқанын атап өтті.

«Танымал бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Алакөл көліне Астанадан, Алматыдан және шығыс өңірлерден 8 қосымша пойыз қосу көзделген. Сонымен қатар біз жол бойындағы сервисті дамытып жатырмыз: 2026 жылы 50 жаңа нысан салу жоспарлануда. Бұл шараларды жүзеге асыру жол жүру уақытын қысқартады және туристер үшін жайлылықты арттырады», – деді министр.

Бұған дейін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары бекітілгені туралы жаздық.