Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға – Ерлан Қарин

Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға – Ерлан Қарин
Фото: Конституциялық сот

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп бағалады. 

– Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді, – деді ол.

Ерлан Қариннің пайымдауынша, бұл миссияны алып жүру – үлкен жауапкершілік.

– Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ. Сондықтан, осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин Құрылтайдың заң қабылдау үдерісі қандай форматта ұйымдастырылатынын айтты. 

– Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі де жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді, - деді ол.

Сонымен қатар заң шығару үдерісінің үздіксіз болуына Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмейтінін атап өтті.

– Сондықтан Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Еске сала кетейік, бұған дейін Эльвира Әзімова Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұрғанын айтты.