«Керемет адам»: Дональд Трамп Мемлекет басшысына жылы лебізін жолдады
Құрама Штаттар көшбасшысы Дональд Трамп Қазақстан Президентіне жылы лебізін жолдады. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов Президент Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін екеуі аз-кем әңгімелесті.
«Америка басшысы биыл қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақ үйдегі кездесуден алған әсерімен бөлісті.
Құрама Штаттар көшбасшысы Қазақстан Президентіне жылы лебізін жолдап, оны құрметтейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты «халықаралық үдерістерді терең білетін әрі жан-жақты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам» деп сипаттады», - делінген хабарламада.
АҚШ Президенті Мемлекет басшысына сый-сыяпат жолдады.

Олардың арасында Ақ үйдің символикалық кілті мен өзінің қолтаңбасы қойылған бейсболка да бар.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірген болатын.