«Келешек мектеп»: Астанадағы білім ордаларында кітап оқу бұрышы ашылып жатыр

Бүгін, 17:09
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Келешек мектеп»: Астанадағы білім ордаларында кітап оқу бұрышы ашылып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімшілігі

Астана қаласының мектептерінде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жаңа жоба қолға алынды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бастауыш сыныптарда сынып ішінен арнайы кітап оқу бұрышы ашылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Жоба аясында қаладағы №103 жалпы білім беретін мектептің 26 бастауыш сынып кабинетінде балаларға арналған шағын кітапханалар ұйымдастырылды. Бұл бастама оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне, оқу мәдениетін қалыптастыруына және ой-өрісін кеңейтуіне бағытталған.

Жаңа форматтағы кітап бұрыштары балаларға ыңғайлы етіп жабдықталған. Мұнда оқушылар үзіліс кезінде немесе сабақтан кейін кітап оқып, өзара пікір алмаса алады. Сонымен қатар, мұндай орта баланың еркін ойлауына, тіл байлығын дамытуына және шығармашылық қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жоба шетелдік тәжірибеге, атап айтқанда Америка мектептеріндегі сыныпішілік кітап оқу мәдениетіне негізделген. Бұл тәсіл оқушыларды ерте жастан кітапқа баулудың тиімді жолдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

«Балалар бұрын кітапты тек кітапханадан алса, қазір үнемі жанында. Сынып ішінде арнайы бұрыштың болуы олардың қызығушылығын айтарлықтай арттырды. Әсіресе, үзіліс кезінде кітап оқуға ниет білдіретін оқушылар саны көбейді», – дейді мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың оқу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына да оң әсер етеді. Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, басқа сыныптарға да енгізу жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін «Кітап оқитын ұлт» байқауының мерзімі жарияланғаны туралы жаздық.