«Кітап оқитын ұлт» байқауының мерзімі жарияланды

Бүгін, 15:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Кітап оқитын ұлт» байқауының мерзімі жарияланды
Фото: https://reading-nation.kz/kk/

«Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы алты айда жақсы нәтиже көрсетті. Қарағанды және Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан жобаға 189 мың адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының баспасөз қызметінің мәліметінше, әр қатысушы осы мерзімде 10-15 кітап оқыған. Яғни, осы 189 мың адамның жалпы оқыған кітабының саны 2 миллионнан асты. Бұл — 600 миллионнан аса кітап беті оқылды деген сөз.

Орта есеппен елімізде бір адам жылына 2-3 кітап қана оқыса, жобаға қатысушылар алты айда өз көрсеткішін 5 есеге арттырған. Қатысушылардың айтуынша, күн сайын 30-50 бет оқу әдетке айналып, кітап отбасылық кештердің, мектептегі әңгімелердің және жұмыс үзілістерінің ажырамас бөлігі болған.

Жоба мыңдаған адамға кітап оқуды міндетті тапсырмадан гөрі шынайы қызығушылыққа айналдыруға көмектесті. Сапалы әдебиетке тұрақты жүгіну концентрацияны, сыни ойлауды және эмоционалдық интеллектті нығайтады.

Алдағы уақытта жобаның байқау кезеңі басталады. Қатысушылар оқыған шығармалары бойынша тест тапсырып, дебатта сөз жарыстырып, интеллектуалдық викториналарда өзара сынға түседі. Ең үздік оқырмандар тек ақшалай сыйлықтарға ғана емес, елдің кітап оқитын жаңа буыны атағына ие болады.

Ұйымдастырушылар үш өңірдегі іріктеу кезеңдерінің нақты мерзімдерін жариялады:

«КІТАП ОҚИТЫН МЕКТЕП» бағыты:

Бірінші кезең (мектептік): 2026 жылғы 1-8 сәуір

Екінші кезең (аудандық): 2026 жылғы 9-15 сәуір

Үшінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 16-20 сәуір

«КІТАП ОҚИТЫН ПЕДАГОГ» бағыты:

Бірінші кезең (мектептік): 2026 жылғы 13-20 наурыз

Екінші кезең (аудандық): 2026 жылғы 26-31 наурыз

Үшінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 1-15 сәуір

«КІТАП ОҚИТЫН ДИНАСТИЯ» бағыты:

Бірінші кезең (мектептік): 2026 жылғы 16-25 наурыз

Екінші кезең (аудандық): 2026 жылғы 26 наурыз-13 сәуір

Үшінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 14-20 сәуір

«КІТАП ОҚИТЫН УНИВЕРСИТЕТ» бағыты:

Бірінші кезең (университет ішінде): 2026 жылғы 3-13 сәуір

Екінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 14-20 сәуір

«КІТАП ОҚИТЫН КОЛЛЕДЖ» бағыты:

Бірінші кезең (колледж ішінде): 2026 жылғы 3-10 сәуір

Екінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 10-20 сәуір

«КІТАП ОҚИТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ» бағыты:

Бірінші кезең (аудандық): 2026 жылғы 20-31 наурыз

Екінші кезең (облыстық/қалалық): 2026 жылғы 6-20 сәуір 

«Пилоттық жоба көрсеткендей: кітап оқу – жасқа да, мамандыққа да қарамастан, мыңдаған адамды біріктіретін қуатты күш. Алты ай ішінде қатысушылар білім мен интеллектуалдық дамуға деген зор сұранысын айқын растады. Байқау кезеңі осы қозғалыстың шыңы болып, нағыз Кітап оқитын ұлттың берік негізін қалайды», – деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.

Жеңімпаздардың есімдері 23 сәуірде – Ұлттық кітап күні жария етіледі. Үздік қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Еске салайық, бұған дейін жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 89 мыңға жуық оқушы орны пайдалануға берілгені туралы жаздық.