Жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 89 мыңға жуық оқушы орны пайдалануға берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, осы қаражат есебінен жаңадан білім беру ұйымдарын салу, жаңғырту немесе мектептерге жапсарлас құрылыс салу жүзеге асырылып жатыр.
«Бүгінгі таңда Қор қаражаты есебінен 89 мың оқушы орнына арналған 81 мектеп пайдалануға берілді. Нысандардың басым бөлігі Алматы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған», - делінген хабарламада.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен барлығы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру ұйымының құрылысы қаржыландырылды. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталғаны туралы жаздық.