«Казфосфат» өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыратын ЖИ пилоттық жобасы іске қосылды
Өнеркәсіпке жасанды интеллект енгізу жөніндегі Жол картасына қатысушылар алғашқы нәтижелерін көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» компаниясының минералды тыңайтқыштар зауытының аумағында өндірістегі өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған AI Safety Control жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.
Жол картасын іске асыру аясында зауытта интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізілді. AI Safety Control жүйесі бейнеағынды нақты уақыт режимінде талдап, техника қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілерін тіркейді. Мысалы, жасанды интеллект қызметкерлерде жеке қорғаныс құралдарының, яғни каска, қорғаныс көзілдірігі, арнайы киімнің болмауын, тыйым салынған аймақтарға кіруді немесе қызметкерлердің әлеуетті қауіпті аумақтарда болуын анықтайды.
«Жаңа жүйе өндірістегі оқыс оқиғалардың алдын алып, өндірістік жарақаттануды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде кәсіпорында қауіпсіздік пен еңбек тәртібінің деңгейі артты», – деді кәсіпорын өкілдері.
Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллект жүйесі қолданыстағы бейнебақылау инфрақұрылымымен интеграцияланып, бейнеағындарды автоматты түрде талдау процесі іске қосылды. Пилоттық пайдалану кезеңінің өзінде жүйе алғашқы нәтижелерін көрсетіп, бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу қамтамасыз етілді. Сондай-ақ бірқатар бақылау сценарийлері, соның ішінде тыйым салынған аймақтарға кіру және виртуалды қауіпсіздік шекараларын кесіп өту жағдайларын анықтау автоматты режимде сәтті жұмыс істеп тұр.
«Казфосфат» компаниясының мәліметінше, пилоттық жобаның тәжірибесі алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын компанияның басқа өндірістік алаңдарында да кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, Тараз қаласында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу және Жаңатас қаласында моноаммонийфосфат өндіретін кәсіпорын іске қосу сияқты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезеңінде өзекті болып отыр.
Айта кетейік, «Казфосфат» – ТМД мен Еуропадағы фосфор тыңайтқыштарын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Компания кәсіпорындарында геологтар мен кеншілерден бастап, химия өндірісінің мамандарына дейін үш мыңнан астам адам еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 32 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 1,4 млн тонна фосфорит ұны өндірілген.
Бұған дейін қазақстандық өнертапқыштың ерекше балаларға көмектесетін робот ойлап тапқанын жаздық.