Кассациялық сот вахталық қызметкерлердің өліміндегі кәсіпорын кінәсін растады
Кассациялық сот кәсіпорындағы топтық жазатайым оқиға бойынша сот шешімдерін күшінде қалдырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотқа сілтеме жасап.
Кассациялық сот Ақмола облысында орын алған топтық жазатайым оқиғаға қатысты істе бірінші және апелляциялық соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.
2024 жылдың наурызында вахталық әдіспен жұмыс істеген бірнеше қызметкер кәсіпорын аумағында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан. Арнайы тергеу комиссиясы бұл оқиғаның еңбек қызметімен тікелей байланысты екенін және жұмыс берушінің кінәсі 100% екенін анықтады.
Жергілікті соттар комиссияның қорытындыларын заңды деп танып, қызметкерлер еңбек міндеттерін орындау кезеңінде жұмыс берушінің мүддесі үшін жүргенін, ал жеке көлікті пайдалану жұмыс берушінің жауапкершілігін жоққа шығармайтынын атап өтті. Тергеу материалдары Еңбек кодексінің талаптарына толық сәйкес болған.
Кассациялық сот та шағымдарда ұсынылған уәждердің дәлелсіз екенін көрсетті. Сонымен бірге комиссия құру туралы бұйрық әкімшілік акт болып табылмайтындықтан, оны даулауға берілген талапты кері қайтару дұрыс деп танылды.
Сот еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғаны бағалауда басты өлшем — қызметкердің нақты еңбек міндеттерін орындауы және оқиғаның жұмыс берушінің мүддесі аясында болуы екенін ерекше атап өтті.
Бұл іс вахталық әдіспен жұмыс ұйымдастырған кезде жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі толық жауапкершілігін растайды.
Бұған дейін полиция қызметкерін қорлаған жасөспірімге сот үкімі шыққанын жаздық.