Кәрімбек Құрманәлиев: Астанада өмір сүру сапасын арттыру маңызды

Бүгін, 17:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Кәрімбек Құрманәлиев: Астанада өмір сүру сапасын арттыру маңызды
Фото: Кәрімбек Құрманәлиев/facebook

Әлеуметтік саясат мәселелерін іске асыру саласында азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру жөніндегі Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің комиссиясы да елордада өмір сүру сапасын арттыру бойынша қала тұрғындарымен бірлесіп биыл ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Астанада әлеуметтік саланың жағдайын жақсарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар да өзге өңірлерге үлгі көрсетіп келе жатқанын қала жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені, еліміздің аймақтары елордаға қарап бой түзейтіні, ой түзейтіні белгілі.

Қаламызда көптеген жаңа балабақшалар мен мектептер салынып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялауда.

Ал, 2029 жылға дейін тағы да 50 орта білім беру ұйымдары мен 60 мектепке дейінгі білім ошақтары бой көтермек», - деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Сондай-ақ ол елордада алдағы үш жылда тағы 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отырғанын айтты.

«Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» деген қазақтың баталы сөзін алға тарта отырып, өтіп бара жатқан жылда елордамызда жетістіктер аз болмағанын, ал келер жылдан көп үміт күтетінімізді тілге тиек еткіміз келеді.

Жаңа жыл тек игі жақсылықтарымен, ырыс-берекесімен, мол қуаныштарымен төрімізден орын алсын!» - деп құттықтауын жеткізді академик.