Ішімдіктен бас тартқан ауылда 5 жыл бойы қылмыс тіркелмеген
Түркістан облысындағы ішімдіктен бас тартқан Серт ауылында 5 жыл бойы қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Сауран ауданында орналасқан Серт ауылында соңғы 5 жыл бойы тұрақты әрі тыныш ахуал сақталып келеді
Осы уақыт аралығында ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың ауызбіршілігі, өзара құрметі және жоғары азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі.
Ауылда 900-ге жуық тұрғын тұрады. Онда құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Учаскелік полиция инспекторы тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Ашық диалог пен сенім – қоғамдық тәртіптің сақталуына негіз болып отыр.
Серт тұрғындары еңбекке, спортқа, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге басымдық береді. Жастар үлкендерден өнеге алып, сыйластық пен жауапкершілікке негізделген ортада өсіп келеді.
Ішімдіктен бас тартқан Серт ауылы – бірлік пен ортақ жауапкершілік қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастыра алатынын дәлелдеген ауыл.
Еске сала кетейік, ауылдардағы 600-ден астам нысан жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды.