Ішімдік секілді зиянды әдеттердің алдын алуда спорттың рөлі зор - бапкерлер пікірі
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру – бүгінгі қоғамдағы маңызды міндетінің бірі. Осы тұста спорт балаларды зиянды әдеттерден аулақ ұстап қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді. Жас буынның арасында ішімдік секілді зиянды әдеттердің алдын алуда спорттың рөлі қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де Elordainfo.kz тілшісінің сұрақтарына Астана қаласы әкімдігінің «№1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Қуат Тілегенов пен спорттық гимнастика бөлімінің жаттықтырушысы Ербол Жантықов сұхбатында жауап берді.
- Спортпен тұрақты шұғылдану балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді. Бұл бағытта спорт мектебінде қандай спорт түрлері дамытылып келеді?
«Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде көркем гимнастика, спорттық гимнастика, батут гимнастикасы және спорттық құзға өрмелеу спорт түрлері дамытылып келеді. Бұл бағыттар бойынша спортшылар кәсіби деңгейде дайындалып, республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Мектепте жалпы 502 спортшы жаттығады», - деп атап өтті Қуат Тілегенов.
Соңғы жылдары спорт мектебінің шәкірттері бірқатар ел чемпионаты мен халықаралық жарыста топ жарып, жетістікке қол жеткізді.
«Тәрбиеленушілеріміз Қазақстан чемпионаты мен кубоктарында жүлделі орындарға ие болып, халықаралық турнирлерде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар, ерекше атап өтер жетістік - Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи жеңіске қол жеткізіп, еліміз үшін маңызды нәтиже көрсетті. Бірқатар спортшы спорт шебері және спорт шеберлігіне кандидат нормативтерін орындады» - дейді спорт мектебінің басшысы.
Бүгінде жоғары нәтижеге жеткен әр спортшының артында жүйелі еңбек пен қатаң тәртіп тұрады. Мұндай орта жасөспірімдердің өмірлік бағытын дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді.
«Спорт жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, денсаулығын нығайтады. Жаттығуға тұрақты қатысатын балалар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттердің ағзаға тигізетін кері әсерін жақсы түсінеді. Сонымен қатар спорттық режим, күн тәртібін сақтау және жарыстарға дайындық процесі тәртіпті қалыптастырады. Осындай жүйелі ортада жасөспірімдердің теріс ортаға қызығушылығы төмендеп, олардың назары спорттағы нәтижеге, жеке жетістіктерге және өзін-өзі дамытуға бағытталады.
Мысалы, күнделікті жаттығу кестесі бар спортшының бос уақыты шектеулі болады, сондықтан ол уақытын әлеуметтік желіде немесе теріс әдеттерге жұмсамайды. Жарыстарға дайындық кезінде мақсат қою, физикалық форма мен нәтиже маңызды болғандықтан, спортшы алкоголь немесе басқа зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартады. Сондай-ақ командалық және жаттығу ортасы да әсер етеді. Спортшылар бір-бірін қолдап, ортақ мақсатқа ұмтылады, бұл да дұрыс өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді», - деп атап өтті Қуат Тілегенов.
Спорттағы нәтиже тек жаттығумен өлшенбейді. Жасөспірімдердің бойына дұрыс әдет пен жауапкершілікті қалыптастыру үшін де жүйелі жұмыс қажет. Осы орайда спорт гимнастикасы бөлімінің жаттықтырушысы Ербол Жантықов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
«Жаттығу барысында спорт тәртібі мен күн тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау керектігін үнемі түсіндіріп отырамыз. Сонымен қатар, мектепте дәрігер мен психолог жұмыс істейді. Олар балаларға тұрақты түрде профилактикалық әңгіме жүргізеді. Зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және психологиялық қолдау бағытында жұмыс істейді», - дейді ол.
Бапкердің айтуынша, спорт тәртіпке, еңбекқорлыққа, мақсат қоя білуге және оған жетуге үйретеді. Жауапкершілікті сезінген жас спортшы өз уақытын дұрыс жоспарлап, өмірде де саналы шешім қабылдауға дағдыланады. Сондай-ақ, ол жарыстардағы жетістіктер мен спортшылардың жеткен нәтижелері олардың құрдастарына үлгі болатынын атап өтті.
«Мұндай жеңістер қатарластарының спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына және ішімдік тұтыну секілді зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді», - дейді жасөспірімдердің бапкері.
Оларды зиянды әдеттерден қорғауда ата-ана мен бапкердің бірлескен жұмысы ерекше рөл атқарады.
«Ата-ана мен бапкер бір бағытта жұмыс істегенде ғана балаға дұрыс тәрбие мен қолдау көрсетіледі. Осындай ынтымақтастық жасөспірімдердің дұрыс орта қалыптастырып, зиянды әдеттердің алдын алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті жаттықтырушы.
Спорттағы табысқа жету жолында ең маңыздысы – тәртіп, мақсат және тұрақты еңбек екенін жаттықтырушылар жиі айтып отырады.
«Ең бастысы денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұрақты түрде спортпен айналысу керек. Алға нақты мақсат қойып, еңбекқорлық пен табандылық танытқан адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Салауатты өмір салтын ұстанып, уақытты тиімді пайдалану – жарқын болашақтың кепілі», - деп түйіндеді Ербол Жантықов.
Зиянды әдеттердің алдын алу – жасөспірімдер денсаулығы мен болашағы үшін аса маңызды. Спорт мектептері осы жолда балаларды дұрыс арнаға бағыттап, салауатты өмір салтын берік ұстануға ықпал ететін негізгі ортаға айналды.
Авторы: Мадина Ізекенова