ІІМ адамдарды есірткі саудасына тартқан халықаралық қылмыстық арнаны жойды

ІІМ адамдарды есірткі саудасына тартқан халықаралық қылмыстық арнаны жойды
Фото: ІІМ

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі есірткі желісіне тартудың халықаралық арнасын жойды. Бір жылдан астам уақытқа созылған ауқымды арнайы операция бірнеше мемлекеттің аумағын қамтыды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Операцияны Украина және Албанияның құқық қорғау органдары, Қазақстан мен Украинаның бас прокуратуралары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы бірлесіп жүргізді.

Қылмыскерлер заңды жұмысқа орналастыруды желеу етіп, call орталық операторларын, HR-менеджерлерді, химиктерді, курьерлерді, есірткі жасырушыларды, логистер мен қойма қызметкерлерін тартқан. Адамдарға оңай табыс табуды уәде етіп, іс жүзінде оларды халықаралық есірткі бизнесіне араластырған.

- Қылмыстық құрылымда рөлдер нақты бөлінген. Оны көршілес мемлекеттің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі операцияның барлық негізгі кезеңіне қатысты, - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Украинада адамдарды заңсыз әрекетке тартумен айналысқан call орталықтарда 26 тінту жүргізіліп, төрт мыңға жуық цифрлық айғақ тәркіленді. Оларды талдау нәтижесінде Telegram-дағы 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және онда тартылған жүздеген адам анықталды. Олардың Қазақстан аумағында есірткі таратуға қатысы бар-жоғын ІІМ қызметкерлері тексерді.

Мамыр айында Қазақстан ІІМ өкілдері Киев қаласы мен Киев облысында 70 тінту жүргізуге қатысты. Операция барысында адамдарды қылмысқа тартумен айналысқан call орталықтардың қызметі тоқтатылды және қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі анықталды.

Шілде айында Қазақстан аумағында украиналық құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тағы 15 тінту жүргізілді. Елімізде есірткі сатуға қатысы бар желі мүшелері ұсталды.

- Қылмыстық құрылым ішінде қатаң тәртіп болған. Қылмыстық әрекеттен бас тартуға тырысқан адамдарға айыппұл салынған, оларды ұрып-соғып, заңсыз ұстап отырған. Тартымды көрген бос жұмыс орынының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік бермеген, - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысы мен Киев қаласында тағы 35 тінту жүргізілді. Азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан халықаралық желінің екі буыны жойылды.

Құрамында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және өлшеп салынған екі мыңға жуық пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тоғыз адамға айып тағылды.

Еске салсақ, Астанада есірткі таратқан екі студент сотталды.