Референдум-2026

Геннадий Головкин Ұлттық ұлан музейіне бокс қолғабын табыстады

Бүгін, 09:57
Думан Аманжол Думан Аманжол
Геннадий Головкин Ұлттық ұлан музейіне бокс қолғабын табыстады
Фото: Ұлттық ұлан

Аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Ұлттық ұланның Орталық музей қорына өз қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын сыйға тартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жаңалық Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Марлен Сұрамаев үшін айрықша мәнге ие. Ол бала кезінен Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін жіті бақылап, оның сабырлылығы, еңбекқорлығы және чемпиондық мінезіне тәнті болып өсті.

Алматы қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған ұландықтың өзі де бокспен ұзақ жылдар айналысқан. Марлен - Республикалық спорт колледжінің түлегі, спорт шеберлігіне кандидат, Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері әрі Алматы қаласының чемпионы. Оның айтуынша, дәл Геннадий Головкиннің өмір жолы оған үлкен жеңістердің күнделікті еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында келетінін ұғындырған.

«Жуырда Марлен Құрмет қарауылы ротасының құрамында Геннадий Головкиннің есімі Даңқ залына жазылуына арналған құттықтау бейнеролигінің түсіріліміне қатысқан болатын. Ал бүгін ол спорт саңлағының музейге қолғабын табыстағаны туралы жаңалықты ерекше әсермен қабылдады», делінеді хабарламада.

Геннадий Головкиннің қолтаңбасы қойылған бокс қолғабы музей қорларына өте сирек табысталатын құнды жәдігерлердің бірі саналады. Енді бұл естелік құқықтық тәртіп әскерлерінің Орталық музейінде сақталып, ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде жас әскери қызметшілерге жігер беретін тағылымды мұра болмақ.

Еске салсақ, бокстан Азия чемпионатына баратын қазақстандық спортшылар белгілі болды.