Референдум-2026

Футболдан Әлем чемпионатының 6 финалын көрген қазақ журналисі

Футболдан Әлем чемпионатының 6 финалын көрген қазақ журналисі
Фото: Несіп Жүнісбайұлының жеке мұрағатынан

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 75 жастағы отандық спорт журналисі, белгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Несіп Жүнісбайұлы футболдан АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатына арнайы барып, төртжылдықтың басты додасының финалын стадионнан тамашалады. Бұл оның журналист ретіндегі алтыншы әлем чемпионаты және алтыншы финалы. Ол Elordainfo.kz сайтына берген сұхбатында әлемдік турнирдің атмосферасы, FIFA аккредитациясын алу жолы және АҚШ-тағы әсері туралы әңгімелеп берді.

- Әлеуметтік желіде сіздің АҚШ-та жүргеніңізді байқадық. Осы әлем чемпионатына барудың сәті қалай түсті? Журналист ретінде аккредитацияны қалай алдыңыз?

– Мен бұған дейін 1982, 1986, 1990, 1998 және 2014 жылдары өткен әлем чемпионаттарына журналист ретінде қатыстым. Биыл жасым 75-ке келсе де, АҚШ, Канада және Мексика қабылдаған дүниежүзілік додаға барғым келді.

Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясына өтініш білдірдім. Федерацияның қызметкері Мағжан құжаттарды дайындаудан бастап FIFA-ға жолдауға дейін үлкен қолдау көрсетті. Сонымен қатар Олжас Сыдықбек басқаратын Elorda Aqparat медиакомпаниясы мені Elordainfo.kz тілшісі ретінде аккредитациялауға қолдау білдірді.

FIFA 2026 жылдың 26 қаңтары мен 31 наурызы аралығында өткен аккредитация кезеңінде көпжылдық тәжірибемді ескеріп, журналистік аккредитация берді.

Өкінішке қарай, әлем чемпионаты қарсаңында жүрегіме ота жасалды. Дәрігерлердің кеңесімен топтық кезең матчтарын өткізіп алып, АҚШ-қа тек ширек финал басталар алдында ғана жолға шықтым.

Жасым 75-ке келсе де, әлем чемпионаттарын тұрақты түрде ақпарат таратып жүрген, менен жасы үлкен шетелдік журналистер аз емес. Мәселен, Аргентинадан келген 92 жастағы Энрике Маркес 1958 жылдан бері футболдан әлем чемпионаттарының бірде-біреуін жібермей, қатарынан 18 мундиальды ақпараттық тұрғыда қамтып келеді.

- Әлем чемпионатына журналист ретінде аккредитация алу қаншалықты ұзақ және күрделі?

– Қазіргі таңда бәсекелестік өте жоғары. Мәселен, 1982 жылғы әлем чемпионатын шамамен үш мың журналист насихаттаса, биылғы турнирде аккредиттелген жазба БАҚ өкілдерінің саны 16 мыңнан асып жығылды.

Дегенмен аккредитация алған журналистердің бәрі бірдей кез келген матчқа кіре алмайды. Сұраныс жоғары ойындарға орын саны шектеулі болады. Мысалы, Аргентина – Англия кездесуіне алдымен сол елдердің БАҚ өкілдері, кейін турнирге қатысушы құрамалардың журналистері, содан кейін ғана басқа мемлекеттердің тілшілері жіберіледі.

Мен плей-офф кезеңіндегі бес ойынға өтініш бердім. Қуанышыма қарай, FIFA барлық өтінішімді мақұлдады. Соның ішінде әлем чемпионатының финалын стадионнан көрудің сәті түсті.

- 6 мәрте әлем чемпионатына бардыңыз ғой. Қай ала доп бәсекесі ерекше болды?

- АҚШ-тағы әлем чемпионатының орны ерекше. Біріншіден, алғаш рет 48 команда сынға түсті. Екіншіден, доп додасын 3 бірдей мемлекет қабылдады. Бірақ мен тек АҚШ-та ғана болдым. Себебі, 1986 жылы Мексикада 1 айдан астам уақыт болып, елді аралағанмын. Канадаға арнайы рұқсат визасы қажет.

АҚШ-тағы футбол стадиондарының да атмосферасы ерекше. Кемі 65 мың жанкүйер сияды. Үлкен стадион болса да, ине шаншар орын жоқ. Бұның барлығы халықтың әл-ауқатының жақсы екендігін білдіреді. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі жылдары бұл елде футболға деген көңіл ерекше бөлініп, әлемдік футбол жұлдыздары доп теуіп жүр. Ал футболшылардың ішінен Диего Марадонаның орны бөлек. 1986 жылы оның ойынына тәнті болдым. Мен үшін одан асқан футболшы жоқ. Суретке түсірдім, қолын алдым. Арнайы очерк жаздым. Қазіргі футболшылардың алды – Лионель Месси. Оған дау жоқ. Криштиану Роналду да керемет. Осы екеуі XXI ғасырдың құдіреттері. Ал Килиан Мбаппе –гол соғудың ғана шебері. Бұл жерде табиғи талант тек Лионель Мессиде ғана бар. Футбол сиқыршысы. Бірақ Марадонаның алдына түсірмеймін. Роналду өзінің табыстарына еңбек, ізденіс арқылы жетті. Финалдық ойынға келсек, Лионель Месси алаңда тым бос жүріп қалды. Оған доп берілмеді. Қарсыластар да оның адымын аштырмады. Ол ашылып ойнай алмады. Марадонаның Мессиден артықшылығы – қарсыластың бірнеше ойыншысы тұрса да, допқа таласудан тайсалмайтын. Мессиде финалда дәл сол қасиет жетіспеді. Бірақ ол ойлы жігіт. Доппен жылдам шешім қабылдап, жасыл алаңда барлығын сезіп отырады. Бірақ оның артықшылығы финалда жеңіске жеткіліксіз болды.

Жалпы өзім барған әлем чемпионаттары бойынша «Мексикадағы футбол тойы», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мұхит кешіп келген доп» сынды арнайы кітаптар жазғанмын. Кейінгі 1-2 кітабымды алдағы уақытта сәті салса, шығарамын деген жоспарым бар.

- АҚШ-та журналистерге арнайы тұратын үй қарастырылған ба? Ірі жарыс кезінде тұратын үйлер қымбат қой?

-  Әрине, ірі жарыс кезінде ұйымдастырушылар шетелдік журналистерге арнайы қонақ үй ұсынады. Оның бағасы қымбаттау. Зейнеткер ретінде өзімнің қаржыма барғандықтан (сапарымның жарты бөлігін төлеуге демеуші де табылды), ресми қонақ үйдің қасынан арзан жатын үйлерді алдын ала іздеп таптым. Себебі, матчтарға бару үшін, журналистерге арнайы автобус бөлінген. Сондай-ақ әлем чемпионаты кезінде тамақтардың, дүкендегі заттардың да бірнеше есе қымбаттап кететіндігін айтқым келеді.

- АҚШ-та әлем чемпионатының неше ойынына бардыңыз? Сіз үшін қалай болып жатыр? Қандай жұлдызды ойыншыларды көре алдыңыз?

-  Өкінішке қарай, денсаулығыма байланысты топтық кезеңдерді жіберіп алғанымды айттым. Сондықтан, 1/8 финалда бір ойын, ¼ финалда 2 ойын, ½ финалда 1 ойын және финалдық матчты тамашаладым. Жасыл алаңда Бразилия, Португалия, Франция, Аргентина, Норвегия, Испания, Марокко футболшыларын көрдім. Ал матчтан кейін баспасөз жиынына қатысуға қатты себеп болмады.

- Финалдық матчқа журналист ретінде билет алу қаншалықты қиын? Барлық аккредиттелген БАҚ өкілдері кіре ала ма? Бұған дейінгі әлем чемпионаттарының финалында болып па едіңіз?

- Бұған дейін айтқанымдай, мен барған 5 әлем чемпионатының финалын стадионнан көру бақыты бұйырыпты. 4 жылдықтың басты ойыны болғандықтан, небәрі 2-3 мың ғана журналистке билет берілді. Соның қатарына кіргеніме өте қуаныштымын. Себебі, жай көрермен ретінде финалдың ең арзан билет 11 мың АҚШ долларынан басталса, ең қымбаты бастапқыда 32 850 доллар болса, кейіннен 2 млн АҚШ долларына дейін өсті.

- Тарихи әлем чемпионатын көзбен тамашаладыңыз. Сіздің ойыңызша, 48 елдің қатысуы оң шешім бе?

- Менің ойымша, доп додасында елдердің санын арттыру – футболдың бағасын түсіру, әдемілігінен айыру деп есептеймін. Салдарынан көптеген лайық емес елдер де қатысты. Бірақ FIFA президенті Джанни Инфантино алдағы уақытта командалардың саны 64-ке дейін артуы мүмкін екендігін де айтты. Неге? Соның арқасында топтық кезеңде жанкүйерлер үшін іш пыстырарлық ойындар өте көп болды. Әлем чемпионатында ең мықты 32 құрама ғана болуы керек.

- Сіз өзіңіз қандай қызықты жайттарға куә болдыңыз?

- Турнир барысында бірқатар даулы жайттарға куә болдық. Мәселен, АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балоган қызыл қағаз алғанына қарамастан, 1/8 финалда Бельгияға қарсы матчқа қатысты. Бұл ғасырлар бойы қабылданған футбол ережесін аяққа басу және бір елдің басшысының айтқанына көніп, қатаң қағидатты жоққа шығару ретінде саналады.

Тағы бір мәселе - финалдық кездесудің үзілісі. Әдеттегі 15 минуттың орнына үзіліс концерттік бағдарламаның салдарынан шамамен 27 минутқа созылды. Меніңше, мұндай өзгеріс футболдың өзіне емес, шоу элементтеріне басымдық берілгенін көрсетеді.

Сонымен қатар, билет бағасының шектен тыс қымбаттауы да қарапайым жанкүйерлерге қиындық туғызды. Ширек финал қарсаңында Мароккодан келген жанкүйерлердің 1 500 АҚШ доллары тұратын билетті сатып ала алмай жүргеніне куә болдым. Меніңше, FIFA мұндай мәселелерде коммерциялық табыстан гөрі жанкүйерлердің мүддесін көбірек ескеруі қажет. Осындай жағдайлардан кейін Джанни Инфантиноның қызметіне қатысты да сұрақтар туындайды деп ойлаймын.

- Әлем чемпионаты секілді доданың АҚШ, Канада, Мексикада өткізілуіне қандай баға бересіз?

- АҚШ пен Иран арасындағы даулы жайтқа байланысты жарыс қожайындары Иран және өзге бірнеше елдің футболшылары мен қызметкерлеріне виза беруден бас тартты. Иранның тұратын орны АҚШ-тан Мексикаға ауыстырылды. Тек матч күні ғана оларға АҚШ-қа кіруге рұқсат берілді. Одан бөлек, Африка чемпионы саналатын Сенегал футболшыларын әуежайға қонған сәтте киімдерін шешіп, ұятқа қалдырды. Үш елде бірдей әлем чемпионатын өткізу жанкүйерлерге де оңай тимеді. Тек қана АҚШ-тың өзіндегі қалалардың арасы кемінде 2 мың шақырымнан асады. Осындай мысалдар өте көп. Менің ойымша, FIFA ұйымының талаптарын ескермейтін елдерде жаһандық дода өткізілмеуі керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!