Еурохаттама арқылы 25 мыңға жуық сақтандыру оқиғасы ресімделді
Жыл басынан бері «Еурохаттама» іске қосылған сәттен бастап жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеге 25 мыңға жуық сақтандыру оқиғасы ресімделді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік сақтандыру төлемін ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Еурохаттама жол-көлік оқиғасы кезінде жол полициясын шақырмай, сотқа жүгінбей, оқиға орнында сақтандыру ұйымына тікелей сақтандыру төлеміне өтініш жіберуге мүмкіндік береді.
Жол-көлік оқиғасын сақтандыруды реттеу үшін Еурохаттама шеңберінде мына шарттар орындалуы тиіс. Оқиғаға екі көлік қатысады, екі жүргізушіде қолданыстағы сақтандыру полисі бар, залал сомасы 100 АЕК-тен аспайды, қатысушылар арасында келіспеушілік жоқ. Сондай-ақ, оқиға салдарынан ешкімнің денсаулығына, сондай-ақ үшінші тұлғаның мүлкіне зиян келтірілмеуі міндетті шарт.
«Еурохаттаманы ресімдеу үшін екі тарап та «Europrotocol», «DTP.kz» немесе «Halyk Kazakhstan» мобильді қосымшасының біреуін жүктеп алуы тиіс. Одан басқа сақтандыру ұйымдарының интернет ресурстары арқылы сақтандыру төлеміне жүгінуге болады. Одан әрі сәйкестендіруден өтіп, декларацияны толтыру қажет, апат болған жерден сурет пен бейнені тіркеу керек – содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі», делінген хабарламада.
ЖКО қатысушылары сақтандырушының декларацияны қабылдағаны туралы хабарламасын алғанға дейін оқиға болған жерден кетпеуі тиіс.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков жол инфрақұрылымындағы апаттылық пен жолдардың тозуын жүйелі шешуге мүмкіндік беретін тұрақты қаржылық механизм — Жол қорын құруды ұсынды.