Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында студенттер арасында 3х3 форматында баскетболдан финалдық турнир өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Турнир Назарбаев Университетінің алаңында өтті.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Астана полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
«Антинаркотикалық жоба аясындағы мұндай спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу. Біз бұл бағыттағы жұмысты мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында жүргізіп келеміз. Ал бүгін студенттерге арнап ұйымдастырдық. Тек 2025 жылдың басынан бері елордада есірткі айналымына байланысты 400-ден астам қылмыстық іс тіркелді, соның 270-тен астамы – есірткіні тарату фактілері», – деді Астана ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы.
Турнирде төрт мықты студенттік команда бақ сынады. Шамамен 800 көрермен – жанкүйерлер, белсенділер және жастар ұйымдары жарысты тамашалады.
Назарбаев Университетінде өткен стритболдың финалдық турнирі жастарды салауатты өмір салтына тартудың қауіпсіз әрі оңтайлы форматы болып саналады. Ол маусымның спорттық қорытындысы ғана емес, сонымен бірге жастарды есірткі қатерінен қорғауға бағытталған қалалық профилактикалық жүйенің бір бөлігіне айналып отыр.