Есірткі қолдану және мас күйде көлік жүргізу мемлекеттік қызметтің беделін түсіру деп танылды
Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясында мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар, лауазымдық міндеттерді орындауға тікелей байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделін түсіретін әрекеттер заңнамалық түрде айқындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Олардың қатарына есірткі, психотроптық заттар мен олардың балама түрін медициналық емес мақсатта қолдану және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару жатады», делінген хабарламада.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағанда немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайда, оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін оқу демалысынан келісімінсіз кері шақыруға болады.
Сонымен қатар, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз пайдалануды анықтау және алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілерді медициналық куәландыру талаптары енгізіледі.
Мемлекеттік қызметшілер өздерін құмар ойындарға қатысудан шектеуге міндетті болады.
Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер қылмыстық құқықбұзушылық жасау, сондай-ақ алкоголь немесе есірткі қолдану салдарынан ауруға шалдығу не өндірістік жарақат алу жағдайында төленбейді.
Еске сала кетсек, осы заң жобасында науқас жақынына күтім жасайтын мемлекеттік қызметшіге толық емес жұмыс күні белгіленеді.