Есірткі айналымына қатысқан 23 жасөспірім ұсталды
Соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту жағдайлары көбейген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдерге «жеңіл табыс» ұсынылып, оларды жасырын орындарға есірткі қалдыратын курьер ретінде жұмыс істеуге шақырады.
Мұндай ұсыныстарды интернеттегі есірткі-дүкендерінің ұйымдастырушылары таратып, жастардың сенгіштігі мен тез ақша табуға деген қызығушылығын пайдаланады. Нәтижесінде жасөспірімдер құқықтық салдарын толық түсінбей, заңсыз әрекетке араласып кетеді. Сонымен қатар қылмыстық топтар оларды бопсалау мен қорқыту арқылы бұл әрекеттен шығуына кедергі жасайды.
Елімізде жыл басынан бері есірткі айналымына қатысы бар 23 кәмелетке толмаған ұсталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
«Заң бойынша есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 7 жылға дейін, дайындау, тасымалдау және өткізу үшін 7–12 жылға дейін, есірткіні насихаттау және жарнамалау үшін – 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Есірткіге қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік 16 жастан, кейбір жағдайларда 14 жастан басталады» - делінеді хабарламада.
ІІМ ата-аналарды балаларының ортасына, интернеттегі белсенділігіне және табыс көздеріне назар аударуға шақырды. Ал жастарға заңсыз табыстан бас тартып, білім мен спортты таңдауға кеңес берді. Сонымен қатар, азаматтарды есірткі тарату фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға үндеді.
Еске салайық, Алматыда 8 келі синтетикалық есірткі тәркіленген болатын.