Ержан Жиенбаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды

Бүгін, 11:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ержан Жиенбаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Нұрланұлы Жиенбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.

Ержан Жиенбаев 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

2002 жылы заң мамандығы бойынша «Тұран» университетін, 2018 жылы РХШжМҚА-ның «Executive MBA» бағдарламасы бойынша оқу бітірген.

2002-2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек атқарған.

2005-2012 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің аға сарапшысы, бас сарапшысы, бас кеңесшісі, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2012-2013 жылдары – ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2013 жылдан 2019 жылғы шілдеге дейін ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

2019 жылғы шілде – қазан аралығында ҚР Премьер-министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылғы қазаннан 2023 жылғы қыркүйекке дейін ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. 

«Құрмет» (2016), «Парасат» (2021) ордендерімен, ҚР Президентінің Алғысымен (2020), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2021).