Еріктілер астаналық аруларға гүл шоқтарын сыйлады

Еріктілер астаналық аруларға гүл шоқтарын сыйлады
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Көктем шуағы» атты мерекелік акцияны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, оған орталықтың еріктілері белсене қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Еріктілер елорданың орталық көшелері мен тұрғындар жиі жүретін орындарында аруларды мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады. Күтпеген тосынсыйға тап болған қыз-келіншектер мен аналар еріктілерге алғыс білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында елорданың дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымына 1 мың дана қызғалдақ гүлі тарту етілді. Бұл бастама нәзік жандыларға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлі мен еңбегіне деген құрметтің бір белгісі болды.

«Бізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткізілетін дәстүрлі акция бар. Жыл сайын елордадағы аруларға гүл шоқтарын таратып, олардың көңіл күйін көтеруге тырысамыз. Биыл да еріктілердің қатысуымен қала көшелерінде нәзік жандыларға жарқын эмоция сыйлау мақсатында 1 000 дана гүл тараттық», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмахан.

Ол акцияның басты мақсаты туралы да сөз қозғады.

«Мұндай шараның басты мақсаты – Астанада еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбегін бағалайтынымызды білдіру, оларды мерекеде назардан тыс қалдырмау. Бұл күні әр адам өз жақындарын құттықтайды. Ал «Астана жастары» еріктілері үшін елорданың барлық нәзік жандылары – құрметке лайық. Олардың жүзінен қуаныш көріп, көңілін көтере алсақ, біз үшін сол – үлкен жетістік», - деді маман.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аруларға гүл сыйлау – олардың қоғамдағы еңбегіне көрсетілген ілтипаттың белгісі.