16.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Елордалықтар біздің зауытта піскен нанды іздеп жүріп сатып алса дейміз – наубайшы

|
Photo: Оңалхан Өнерхан
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Елордалықтар біздің зауытта піскен нанды іздеп жүріп сатып алса дейміз – наубайшы

|
Photo: Оңалхан Өнерхан

16 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі Астанадағы нан-тоқаш өнімдерін шығаратын заманауи зауытта болып, өндірістегі процеспен танысып қайтқан болатын.

Бізді жаңа піскен нанның исі аңқып тұрған зауытта өндіріс меңгерушісі қарсы алды. Юлия Әзімбаева таңда дүкен сөрелеріне жеткізіліп, түсте тұтынушының дастарқанында болатын ас атасының сапасын ыждағаттылықпен қадағалайды.

«Зауытымызда 23 нан түрлері дайындалады. Оның ішінде қалыпта пісірілетін нан, қара бидайдан пісірілген нан, ашытқысыз нан, дәнді нан, тағы да басқа кондитерлік өнімдер пісіріледі. Тұтынушылардың отбасы көлеміне әрі қалтасына ыңғайлы  300, 200 грамдық нандар да бар. Жалпы, күніне 15 мың нан шығарамыз. Біздегі қалыпта пісірілген пішінді нанның немесе әлеуметтік нанның салмағы 500 грамм, ал өткізу бағасы 130 теңгеден. Меніңше, бұл қаладағы ең арзан өткізу бағасы», - дейді Юлия Николаевна.


Оның айтуынша, бұл нан өнімдері, негізінен, мектептер, ауруханалар мен дүкендерге таратылады. «Қосшы», «Жібек жолы», «Қоянды» сияқты қала маңындағы елді мекендерді де қамтиды. Дегенмен елордада 3 мыңнан астам дүкен болса, бұл жерде пісірілетін нан соның 100-120-сына ғана жеткізіледі екен. Өйткені биылғы ақпан айында ғана ашылып, наурызда өнімдерін шығара бастаған зауыттың сауда бөлімі әзірше даму үстінде. Өндіріс меңгерушісі қарқын күшейсе, зауыттың екі-үш айда елорда дүкендерін «жаулап алуға» күші жететінін айтып отыр.

«Осы аптадан бастап декларация тапсырылды. Сапа мен өнім белгісіне қатысты қосымша тексерулерден соң, қаладағы Smаll, Magnum сияқты ірі дүкендерде нанымыз сатылатын болады», - дейді ол.


Технолог нанның дәмді болуының құпиясы ашытқы мен шикізаттың сапасында жатқанын айтты. Сол үшін зауытта арнайы ашытқы дайындалады, ал ұн Павлодардан жеткізіледі. Тек қара бидай ұны ғана Қарағандыдан алынады. Ал нан өндірісінде күніне 4-5 тонна ұн пайдаланылады.  

«Өндіріс жұмысы толық автоматтандырылған: ұннан бастап тұзға дейін адам қолымен себілмейді.

Ұн арнайы құрылғымен жіберіліп, су, ашытқы автоматты түрде араластырылады. Одан кейін иленіп, бөлшектеледі. Мұның бәрін компьютерге енгізілген бағдарлама арқылы техника атқарады. Әрі қарай наубайшылар эмульсиямен сыланған қалыптарға қамырды салады. Нан арнайы кабиналарда белгілі бір уақыт тұрып көтерілген соң, италиялық пештерде пісіріледі. Шикі болмауы үшін электр термометрмен тексеріледі, егер температурасы 98 градус болса, нанның піскені. Одан соң суытылып, қапталады», - дейді технолог.


Оның айтуынша, зауытта нанның көтерілуі үшін қойылатын 10 кабина, пісіруге арналған 13 италиялық пеш және тағы да басқа замануи құрал-жабдықтар бар. Аталған пештерге 150 нан, 80 батон бір мезетте сыяды. Қалыптағы нан 50 минутта көтеріліп, 40 минутта алдын ала 240 градуста қыздырылған пеште 220 градуста пісіп шығады. Батондар 210 градуста, қара бидай ұнынан жасалған нан пеште 220-230 градуста 15-18 минутта дайындалады. Ал тәтті нандар ішінде жұмыртқасы, майы болғандықтан, 1,5 сағатта ұзағырақ көтеріледі де, пісуі тез болады.

Зауытта дайындалатын сан түрлі нанның сапалы да дәмді болып шығуына 40 наубайшы, 4 кондитер күндізгі және түнгі кезекте тер төгеді. Ал жалпы зауыттың өз қарқынында тоқтаусыз жұмыс істеуіне 58 қызметкер атсалысады. Кондитерлік және наубайхана саласында көп жылғы тәжірибесі бар инженер-технолог Юлия Әзімбаева болса, нанның барлық нормаларға сай дайындалуына бағыт-бағдар беріп, сапалы өнім өндірілуін қалтқысыз бақылап отырады.

«Жұмыста 24/7 жүйесінде байланыста болуыма тура келеді. «Шаршадым», «ұйқым келіп тұр» дегенді айтпаймыз. Бірақ ұжымым ұйымшыл, өзіме өте ұнайды. Бізді біріктіретін ортақ мақсат – нанымыздың дәмді де сапалы болуы. Астана халқы нанымызды қандай керемет» деп іздеп жүріп сатып алатын болса, біз үшін мадақтың үлкені осы! Ал зауытымыздың алға қойған мақсаты мол: алдағы уақытта нан-тоқаш өнімдерін әрі қарай түрлендіре беруді көздеп отырмыз. Ал бұл үшін зауытымыздың мүмкіндігі жетеді, жақын болашақта өндірісіміз толық өз қуатында жұмыс істеп, күніне 25 тонна нан шығаратын болады», - дейді нық сеніммен өндіріс меңгерушісі.

Ал анасының «Наубайшы болсаң, аш болмайсың» деген ақылын жерге тастамаған кейіпкеріміз сияқты өз ісін сүйетін мамандар тұрғанда, елордалықтардың отбасында нан да, ән де болатыны анық.  

 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗