Елордалық зейнеткерлер жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды
Бүгін Ататүрік саябағында «Алға Қазақстан!» атты патриоттық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөліміне сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституция жобасын қолдап, референдум өткізу бастамасын қолдау. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.
Шараға 45 зейнеткер, қолдау топтары, сондай-ақ аудандық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар сапқа тұрып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады, кейін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров құттықтау сөз сөйледі.

Бағдарлама аясында «Алға Қазақстан» әні шырқалып, қатысушылар сапқа тізіліп тұру арқылы референдум өтетін күннің символдық бейнесін көрсетті. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасын қолдауға бағытталған патриоттық ұран сөздер айтылды.
«Жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған бұл шараның мақсаты – зейнеткерлерді бір ауыздан осы саяси науқанға қатысуға шақыру. Скандинавиялық серуенге қатысатын зейнеткерлер белсенділік танытып, өз замандастарын да бұл бастаманы қолдауға үндеді. Аталған шараны ұйымдастыруға Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімі мен аудандық әкімдік мұрындық болды», – деп пікір білдірді патриоттық іс-шараның ұйымдастырушысы Марат Кәрімтайұлы.
Еске салайық, бұған дейін елордадағы емханада жаңа Конституция жобасы талқыланғаны туралы жаздық.