Елордалық мектеп директоры: Біз балаларды қасиетті рәміздерді қадірлеуге баулимыз

Елордалық мектеп директоры: Біз балаларды қасиетті рәміздерді қадірлеуге баулимыз
Фото: Гүлнұр Айтимованың жеке мұрағатынан

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейдің директоры Гүлнұр Айтимова осылай мәлім етті. Ол Elordainfo.kz тілшісіне мемлекеттік рәміздердің білім беру үдерісіндегі тәрбиелік маңызы мен жас ұрпақтың патриоттық санасын қалыптастырудағы рөліне қатысты пікірін білдірді.

Мемлекеттік рәміздер қоғамды біріктіріп, азаматтық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды рухани құндылықтың бірі және әр азаматтың елмен байланысын сезіндіретін ортақ символға айналған.

«Осы бір айтулы күнде біздің Көк туымызға, Елтаңбамыз бен Әнұранымызға қарап отырып, олардың біз үшін жай ғана мемлекеттік белгі емес, тұтас бір ұлттың жүрек соғысы екенін терең сезінемін. Көк аспанда қалықтаған Туымыз бен асқақтай шырқалған Әнұранымыз – ұлтына, тіліне немесе дініне қарамастан, осы елде тұратын әрбір қазақстандықты бір шаңырақтың астына біріктіретін, «біз бір халықпыз» деген ұлы сезімді ұялататын басты күшіміз. Дәл осы рәміздер біздің азаматтық болмысымызды қалыптастырып, шетелде жүрсек те, өз елімізде тұрсақ те, кеудемізде мақтаныш ұшқынын маздатады», - деп атап өттімектеп директоры Гүлнұр Айтимова.

Баланың бойындағы патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілік ең алдымен отбасы мен мектепте қалыптасады. Сондықтан, мемлекеттік рәміздердің мәнін ерте жастан түсіндіру маңызды.

«Құндылық атаулының бәрі де баланың санасына ерте жастан ұялайтыны белгілі. Сондықтан да біз балаларды ес білгеннен бастап осы қасиетті дүниелерді қадірлеуге баулимыз. Өйткені «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Әр дүйсенбі сайын Әнұран орындалғанда кішкентай қолын жүрегіне қойып, асқақ үнмен қосылып шырқаған бүлдіршіндерді көргенде, олардың бойында нағыз отаншылдықтың іргетасы қаланып жатқанын түсінемін. Дәл осы жерде біздің негізгі бағдаршамымыз - «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мәні ашылады. Өз елінің рәміздерін қадірлей білген бала ғана ертең есейгенде сөзіне берік, ісіне жауапты, қоғамға пайдасын тигізетін адал тұлға болып қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет - осы адалдықтың, ел алдындағы жауапкершіліктің алғашқы әрі ең маңызды баспалдағы», - дейді Гүлнұр Айтимова.

Оның сөзінше, мемлекеттік рәміздер жастарды биік мақсаттарға ұмтылдырып, олардың бойында елге деген мақтаныш сезімін оятып қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті де қалыптастырады.

«Бұл белгілер тек өткен тарихымыздың шежіресі ғана емес, бізді болашаққа жетелейтін, алдымызға үлкен жауапкершілік жүктейтін темірқазық іспетті. Елтаңбамыздағы шаңырақ пен уықтар, Туымыздағы қыран құс әрбір жастың бойына еркіндік пен биік мақсаттарға ұмтылу рухын береді. Біздің оқушыларымыз Көк туды көргенде тек мақтанып қана қоймай, «Мен осы Туды бұдан да биікке көтеру үшін, елімнің ертеңі үшін не істей аламын?» деген сұрақты өздеріне қоя білуі керек. Патриотизм дегеніміз - құр ұрандау емес, ел болашағы үшін өз мойныңа жауапкершілік алу», - деп атап өтті мектеп директоры.

Гүлнұр Айтимованың айтуынша, уақыт өте келе мемлекеттік рәміздер халықтың шынайы рухани құндылығына айналған.

«Уақыт бір орнында тұрмайды, сонымен бірге қоғамның да мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында рәміздер көбіне тек ресми ғимараттарда тұратын заңдық атрибут сияқты көрінсе, бүгінде олар шынайы халықтық сипатқа ие болды. Қазір туымызды мерекелерде мақтанышпен ұстап шығу үйреншікті әрі сүйікті үрдіске айналды. Әсіресе халықаралық спорттық ареналарда, білім олимпиадаларында жастарымыздың жеңіске жетіп, Көк туды иығына жамылып шыққан сәттерін көргенде, бұл сезімнің жасанды емес, жүректен шыққан шынайы махаббат екеніне көзіміз жетеді», - дейді Гүлнұр Айтимова.

Жас ұрпақ арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау ісінде заманауи цифрлық форматтар мен креативті тәсілдер тиімді нәтиже беріп отыр. Мектеп өміріне әлеуметтік желілер мен интерактивті жобаларды енгізу жаңа буынның қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

«Әрине, бүгінгі «Альфа» мен «Z» ұрпағының, яғни қазіргі жастардың тілі мен танымы бөлек. Оларды тек құрғақ лекциямен немесе ресми баяндамалармен тәрбиелей алмаймыз. Сондықтан біз мектеп өміріне заманауи форматтарды белсенді енгізіп келеміз. Жастардың арасында рәміздерді насихаттау үшін Instagram немесе TikTok сияқты әлеуметтік желіде креативті видеолар түсіру, мектепішілік челлендждер ұйымдастыру өте тиімді болып тұр. Оған қоса, интерактивті ойындар, QR-кодтар арқылы өтетін танымдық квест ойындары мен рәміздердің элементтері бейнеленген заманауи, ұлттық стильдегі киімдерді трендке айналдыру жаңа буынды осы құндылықтарға барынша жақындата түсті. Рәміздер жастардың күнделікті мәдениетінің, өмір салтының ажырамас бөлігіне айналғанда ғана тәрбие шынайы жемісін береді.«Адал азамат» бағдарламасының түпкі мұраты – жүрегі елім деп соғатын, ісіне адал отаншыл тұлға тәрбиелеу. Ал мемлекеттік рәміздер - сол тұлғаның бойындағы патриоттық сезімді оятатын, оны әркез алға жетелейтін қасиетті құндылық», - деп түйіндеді мектеп директоры.

Ол сондай-ақ бүгінгі мерекенің ұстаз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгінгі күні әрбір шәкіртіміздің көзінен Отанға деген махаббат отын көру - мен үшін үлкен мәртебе және ұстаздық бақыт. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Көк туымыз әрқашан биікте желбірей берсін!», - деп тілегін арнады ол.

Еске сала кетсек, Ұлттық ұланның ерлер хоры LRT-да астаналықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Авторы: Мадина Ізекенова