Ұлттық ұланның ерлер хоры LRT-да астаналықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

Ұлттық ұланның ерлер хоры LRT-да астаналықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының ерлер хоры LRT-да елорда жұртшылығын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хор солистері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын, сондай-ақ белгілі патриоттық әндерді табиғи дауыста орындап, жолаушыларға ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.  Салтанатты киімдегі әскерилердің музыкалық құттықтауы қала жұртшылығы мен қонақтары үшін жағымды тосын сый болды. Қоғамдық көлікте мұндай тосынсый күтпеген жолаушылардың бірі таңырқап қалса, енді бірі бірден таныс әуендерді қосыла шырқап кетті. Көпшілігі ерекше сәтті ұялы телефондарына түсіріп жатты.

Мерекелік акция мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді насихаттау, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және халық арасында азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

«Мұндай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды сақтауға, қоғам бірлігін нығайтуға ықпал етеді және мемлекеттік рәміздердің ел егемендігінің ажырамас бөлігі ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған патриоттық іс-шараларға белсенді қатысуды жалғастыруда», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қалай аталып өтетінін жазған едік.