Жұмысшы мамандықтар жылы: елордалық колледж студенттері арасынан үздік слесарь анықталды
Астананың Сервис және туризм колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік слесарь – 2025» байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған байқауды «Үздік» жобасы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен биыл алғашқы рет ұйымдастырып отыр.

«Арнайы орта оқу орындарында бірнеше жылдан бері «Үздік» жобасы ұйымдастырылып келе жатыр. Ал соның аясында биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай алғаш рет «Үздік слесарь – 2025» байқауы жарияланып, бүгін техникалық қызмет көрсету мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің ішінен үздік автослесарьді анықтаймыз.
Ондағы мақсатымыз - жастардың жұмысшы мамандықтарға, қоғамда аса көңіл аударыла бермейтін, дегенмен өте қажетті кәсіптерге деген қызығушылығын арттыру, сол арқылы осы мамандықты игеріп жатқан жастарға мотивация беру, қолдау. Мұндай мамандардың қоғамға қажет екенін көрсету», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Жұмахан Дәуіржан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Сервис және туризм колледжінен бөлек, Құрылыс-техникалық колледжі мен Политехникалық колледжі студенттері қатысты. Сақадай сай дайындалған он сайыскер дәлдік, ұқыптылық және техникалық тапсырмаларды шешу қабілеттерін көрсетті.
«Бүгін байқау қатысушыларына үш тапсырма беріледі. Алғашқысы, бұл – жеңіл автокөліктің қозғалтқышын бұзып, қайта жинау. Әрбір ішкі детальдарын айтып, түсіндіріп, сол бойынша мінездеме беру. Одан кейінгі тапсырмада қатысушылар қорап бойынша бес берілістің нақты орналасқан орны мен жүйесін көрсетеді. Соңғы тапсырмада жеңіл автокөлікке сканер арқылы диагностика жасайды. Мәселен, бүгін сайыс алаңына ВАЗ Priora көлігі қойылды. Қатысушылар оның ақауын табады. Әр тапсырмаға күрделілігіне қарай 60, 20, 40 минуттан уақыт беріліп, үш-үштен тапсырма алаңына кірген студенттер 2 сағаттың ішінде өздеріне берілген шартты орындап шығуы тиіс. Ал олардың жұмысын колледждің әлеуметтік серіктесі, бас сарапшы Руслан Мамадиев бағалайтын болады», - деді Сервис және туризм колледжінің өндірістік оқыту шебері, байқаудың жауапты жетекшісі Дәурен Жапар.

Оның айтуынша, білгір автослесарь бүгінде жеткіліксіз, ал оларды оқыту, осындай байқауларда шыңдау кәсіби мамандардың қатарын толықтыруға зор мүмкіндік береді. Мұны байқау қатысушысы, Астана қаласы Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курс студенті Нұртілеу Боранбай да растады.
«Мен Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курсында автослесарьлікке оқып жатырмын. Бала кезімнен темір тұлпарға әуес болғаннан кейін және оған икемім болғасын, осы мамандықты таңдадым. Өз күшіммен грантқа түстім, қазір сабағымды беске оқып, жоғарылатылған стипендия аламын. Маған автокөліктің ақауын табуда диагностика, компьютермен жұмыс істеген ұнайды. Бұл IT мамандығына жақынырақ, сондықтан да мен үшін қызықты. 3-курста іс-тәжірибеден өттім. Болашақта сол жерге жұмысқа барамын деп ойлаймын. Осы мамандықты игерген маман үшін жеке кәсіп ашуға да мүмкіндік мол. Өйткені бұл мамандыққа еңбек нарығында сұраныс көп», - дейді байқау қатысушысы Нұртілеу Боранбай.
Айта кетейік, Сервис және туризм колледжінде бүгінде 61 студент автокөлік слесарі мамандығы бойынша оқып жатыр. Жалпы, колледжде 8 түрлі мамандық оқытылады.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанада WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионаты бойынша үздік студенттер мен жас мамандар марапатталғанын жазған едік.