Елордалық белсенді тұрғындар заңгерлерден кеңес алды
Елордадағы Азаматтық бастамалар орталығында «Қоғамдық сенімнің негізі – заң мен тәртіп» тақырыбында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық сенімді нығайту.
Ашық консультациялық алаңда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенді тұрғындар кәсіби заңгерден «құқықтық рецепттер» форматы бойынша тегін жедел кеңестер алды.

Атап айтқанда, шарттар мен міндеттемелерді түсіндіру, айыппұлдар бойынша кеңес беру, тұрмыстық және азаматтық-құқықтық дауларды шешу, кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқықтық мәселелер, «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша кеңестер берілді.
«Адамдар көбіне үкіметтік емес ұйым құрарда, оны қалай ашуға болады, тіркелу шарттары туралы білгісі келеді. Сондай-ақ айыппұлдар мәселесінде көп сұрақ туындайды. Конституциялық реформа бойынша сұрақтарға жауап береміз. Біз осы тұрғыда заңнамалық кеңес береміз. Сонымен қатар жұмысымызды «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негіздерін түсіндірумен ұштастырамыз. Өйткені қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алтын көпір ғой, сондықтан оларға елімізде болып жатқан саясатты жеткізіп және соның негізінде қандай жағдайлар жасалып жатқанын айтамыз. Мемлекеттік шешімдерге қатысуға, белсенді болуға үндей отырып, олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі жайлы түсіндіреміз. Неғұрлым белсенді азаматтар көп болса, біздің қоғамымыз да әрі қарай дамитын болады», - деді орталық заңгері Айсұлу Сванқұлова.
Еске салайық, Астанада азаматтық қоғамды дамытуға арналған жаңа бастамалар ұсынылғаны туралы жаздық.