Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы ұжымы Конституция жобасын талқылады

Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы ұжымы Конституция жобасын талқылады
Фото: Салтанат Мұратқызы

Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығында жаңа Конституция жобасы туралы ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Орталық ұжымымен дөңгелек үстел басында кездескен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова жаңа Конституцияның мән-маңызын түсіндіріп, ондағы басты-басты өзгерістерге тоқталды. 

«Конституция преамбуламен басталады. 11 бөлім бар. 96 бап бар. Ата заңымызға 84 пайыз өзгеріс енді. 

Бір палаталы парламент құрылмақ. Оның аты «Құрылтай» болады. Оған 145 депутат сайланады. Ол депутаттардың жұмыс мерзімі 5 жылға созылады. Құрылтай депутаттары пропорционалды жүйемен сайланады. Енді партиялардың алдында жауапты міндет тұр. Сондай-ақ жоба бойынша жаңадан диалог алаңы ашылады, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы мен күні кешеге дейін жұмыс жасаған Құрылтайдың жұмысын біріктіріп, «Халық кеңесі» құрылады.

Кеңеске кіретін мүшелер халықтан сайланады. Ел ішіндегі ұсыныс-пікірлерді жеткізеді. Олар өздері заң қабылдай алмайды, бірақ қабылданған заңның нақты халықтың сұранысына ие болуына ықпал етеді. Бұл - халықтың үнін еститін тағы бір тиімді тетік. Одан бөлек вице-президент институты болады. Вице-президент қоғамдық ұйымдармен, ғалымдармен, мәдени-ағартушылық жұмыспен, халықаралық жүйемен жұмыс істейтін лауазым иесі болмақ», - деген спикер жаңа Ата заңға енген басқа да жаңалықтарды егжей-тегжейлі айтып берді.

Салтанат Пархатқызы сөз соңында қатысушыларды 15 наурызда өтетін референдумға бірауыздан қатысып, өз дауыстарын беруге шақырды. 

Орталық қызметкерлері әрі қарай өздерінің көкейлерінде жүрген мәселелерді ортаға салып, тұщымды жауап алды.