Елордада жыл басынан бері 20 адам вандализм бойынша жауапкершілікке тартылды
Астанада қаласы прокуратурасының үйлестіруімен полиция және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп вандализмге қарсы күресіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіргені үшін 20 тұлға әкімшілік жауапқа тартылған, оның ішінде 13 адам қамауға алынып, 7 адамға жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл салынды.
«Мысалы, астаналық тұрғын 14 ақпанда бала арбасын қасақана зақымдағаны үшін 20 тәулікке қамауға алынды. Ол тұрғынға 30 мың теңге шығын келтірді. Басқа жағдайда 44 жастағы ер адам мас күйінде дәмхана есігінің әйнегін сындырған. Ол 5 тәулікке қамауға алынды. 11 қаңтарда 21 жастағы азаматша Toyota автокөлігінің алдыңғы есігін қасақана зақымдаған. Оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Осыған орай, прокуратурасы елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда айналасындағыны сыйламаудың ұсақ бұзақылық екенін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын осындай заңсыз әрекеттер үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылғанын ескертті.
Еске сала кетсек, астанада аялдаманың артқы әйнек қабырғасын теуіп сындырған жігіт 10 күнге қамалды.