Елордада жаңа қоғамдық кеңістіктер қарқынды дамып жатыр
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жаңадан жайлы әрі заманауи тартымды орындар ашылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда қоғамдық орындарды (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру жұмысы басталып кетті. Жақын арада аулаларды ауқымды жаңғырту жұмысы да қолға алынады.


«Абаттандыру жұмысына жеке инвестициялар да тартылып жатыр. Соның ерекше әрі ауқымды үлгілерінің бірі – «Самал» саябағы.
Әл-Фараби даңғылы – Керей мен Жәнібек хандар көшесі – Бұқар жырау көшесі квадратында сапалы қалалық ортаға басымдық берілген заманауи тұрғын орта қалыптасып келеді. Осы аумақтың орталығында саябақ кластері құрылды – екі жаңа кеңістік «Самал саябағы» деп аталатын бірыңғай қоғамдық кеңістікке біріктірілді.
Бүгінде бұл ауданның қалалық ортамен үйлескен, тұрғындардың күнделікті өміріне бейімделген толыққанды саябаққа айналды. Оның аумағында жаяу серуендеуге арналған жолдар, уақытты тыныштықта өткізуге арналған орындар, демалыс аймақтары, заманауи ойын алаңдары, тоған, шағын көпірлер мен бақылау орындары қарастырылған. «Самал» саябағы ауданның тартымды орталығына, сол сияқты серуендеуге, демалуға және кездесуге арналған кеңістікке айналып келеді. Аталған саябақ биыл пайдалануға беріледі», - деп жазды қала басшысы.
Еске салсақ, Жеңіс Қасымбек бұған дейін Instagram парақшасында жаңадан ашылатын тартымды орындар туралы жазған болатын.