Елордада жаңа емханалар мен жедел жәрдем станциялары ашылады - Жеңіс Қасымбек
Елорданы барлық бағыт бойынша дамыту жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Астана әкімі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әкімнің сөзінше, алдағы жылдары елордада денсаулық сақтау саласының 11 нысаны бой көтереді, олардың арасында көпбейінді аурухана, заманауи 8 емхана және 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы бар.

«Негізгі міндеттердің бірі – акушерлік және босандыру қызметтерін дамыту. Соңғы он жылда елордада босану көрсеткіші 35 пайызға өсті. Осыған байланысты жаңадан екі перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылдадық. Нысандардың бірін 2027 жылы аяқтаймыз. Бұл екі жобаның жүзеге асуы акушерлік төсек-орындарға деген қазіргі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, елордадағы ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сарыарқа ауданында 300 орынға есептелген көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Сол сияқты «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жаңа емхана жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Телман елді мекенінде емхана құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы тағы екі ірі емхананың, сондай-ақ Өндіріс елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Еске салсақ, Жеңіс Қасымбек биыл елордада 50-ге жуық көше жөнделетінін желіде жазған болатын.