Биыл елордада 50-ге жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Бүгін, 21:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Биыл елордада 50-ге жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл салынатын жолдар туралы жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр: жыл сайын автобус паркі жаңартылып, жолдар жөнделіп, жаңа жолдар мен жолайрықтар салынуда, сол сияқты LRT іске қосылды.

Бірқатар жол құрылысы нысанында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстым.

Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымға жететін 50-ге тарта көшеге жөндеу жүргізіледі», - деді Астана әкімі.

Елорда әкімінің айтуынша, қалада бірқатар жол-көлік инфрақұрылымы салынып жатыр.

Мәселен, «Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығын салу» жобасы аясында инженерлік желілерді тарту жұмысы 90%-ға орындалды. Монтаждау жұмысының барлық 8 кезеңі аяқталды, аралық құрылыстың дайындығы 95%-ды құрайды.

Сондай-ақ жол төсемін салу және аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылы аралық құрылымдарды монтаждау жұмысын аяқтап, ары қарай учаскенің бүкіл бойына, оның ішінде негізгі жүру бөлігіне және съездерге асфальтбетон жабынын салып, жол төсемін төсеу жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы Дала даңғылына дейінгі бөлігін салу жұмысы басталды.

Бұл көше сегіз жолақты магистраль болып саналады.

«Аталған жол көліктерді өзге көшелерге бағыттау арқылы Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік ағынын азайтады деп есептейміз. Қазіргі уақытта 1-кезең – Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне дейінгі бөлігін салу жұмысы жүріп жатыр. Инженерлік желілерді (сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау) тарту жұмысы жүріп жатыр.

Төле би көшесінің Р.Бағланова көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі бөлігінің негізгі жүру бөлігіне асфальтбетон жабынының төменгі қабаты салынды.

Жиектастар орнатылды, тротуарларды салу жұмысы ішінара орындалды және т.б.

Орташа жөндеу жұмысы мына көшелерде жүріп жатыр: Кенесары көшесі Ә.Сембинов көшесінен М.Ғабдуллин көшесіне дейін, Абай даңғылы Ә.Сембинов көшесінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейін, Тілендиев даңғылы Қарталы көшесінен Баршын көшесіне дейін, С.Мұқанов көшесі Баршын көшесінен айналма жолға дейін, Керей-Жәнібек хандар көшесі Ә.Бөкейхан көшесінен Шерхан Мұртаза көшесіне дейін, А.Байтұрсынұлы көшесі А-52 көшесінен С.Шаймерденов көшесіне дейін, М.Тынышбаев көшесі А.Байтұрсынұлы көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін және т.б.», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қалай аталып өтетінін жаздық.