Елордада қала күніне орай өткен Saryarqa Run жүгірісіне 1800-ге жуық адам қатысты
Бүгін, 5 шілде күні, елордада Астана күніне орай және «Астана - есірткісіз қала» акциясы аясында Ырыскелді қажы мешіті маңында өткен бұқаралық Saryarqa Run жүгірісіне 1800-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қала күніне арналған бұл жүгіру дәл осы бағыт бойынша үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға әуесқой жүгірушілермен қатар, отбасылар, жастар және қала қонақтары да белсенді қатысты.

«Saryarqa Run аясында екі қашықтық қарастырылды. Жүгіруді енді бастағандарға қысқа, ал тұрақты түрде айналысатындарға орта қашықтық ұсынылды. Басты мақсатымыз - тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.

Қатысушылар Ырыскелді қажы мешітінен басталған бағыт бойынша Кенесары хан ескерткішін айналып өтіп, 4 және 7,6 шақырым қашықтықтарды еңсерді.

Жарыста жүлделі орындар ресми түрде сарапқа салынбағанымен, 4 шақырым қашықтықтағы бәсеке тартысты өтті. Нәтижесінде Франциядан келген Мало Кадудал мәре сызығын бірінші болып кесті.

«Астанаға досыма қонаққа келдім. Осы жүгіріс туралы естіп, қатысуға шешім қабылдадық. Есіл өзенінің жағалауымен жүгіру ерекше әсер сыйлайды. Өзім тұрақты түрде жаттығатындықтан, дайындығым жақсы болды. 4 шақырымды 13 минут 40 секундта жүгіріп өттім. Барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын», – деді ол.
Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталды.
Қатысушылардың бірі Қуат Қобданұлы жүгірумен бір жылдан бері айналысатынын айтып, бұл бағытта үшінші рет жүгіргенін жеткізді.

«Бүгін баламды арбамен бірге алып жүгірдім. Бірінші орын алу басты мақсат болған жоқ. Ең маңыздысы – спортты серік еткен жандардың ортасында болып, жақсы көңіл күй сыйлайтын атмосфераны сезіну. Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын және қандай қиындық кездессе де, спортпен айналысудан бас тартпауға шақырамын», – деді ол.
Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырылып, 10 велосипед ойнатылды.